«Бұзаулары баспақтай». Айбастық шаруа Әулиекөл тұқымды бұқа жайлы айтты

Кешкісін құдық басына жиылған ірі қаралардың ішінен бітімі бөлек сарғыш баспақтарға көзіміз түсті.

Бақсақ, бұлар баспақ емес, Әулиекөл тұқымды бұзаулар екен. Төрт айлық қана. Бірақ, бойы өзі еміп тұрған енесінен сәл ғана аласа. Аяғын балпаңдай басып, қорбаңдап әрең қозғалатын бұзауың өзімен бірдей енесінің желінін жұлып ала жаздап тұр. Бұл "Айтан" шаруа қожалығының иелігіндегі асыл тұқымды төлдердің бір-екеуі.

- Аты асыл деп айтып тұрғандай, асыл десе асыл ғой. Ерекшелігі көп атап айтар болсам, - дейді шаруа қожалық жетекшісі Ерлан Айтанов. Біріншіден, бұлар тез өседі. Бұзауларын өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой. Төрт айлығының өзі мынау. Екіншіден, бұлар етті келеді. Жақсы бағымдағы бұқа баспақтары күзде 120 келіден асып жатады. Оны шеккенде көріп жүрміз. Малдың қасиеті әңгіме бір басқа. Жуас, көп сүзізпейді, бет алдына далаға кетпейді. Тағы бір қыры - көп бап талғамайтындығы. Тамақсау екені рас. Бірақ, бергеніңді жей береді. Тоқал болса да ұстауға ыңғайлы, жай жүреді, шабандау келеді, - дейді малшы.

Тағы бір білгеніміз, бұзаулар өз тұқымынан айнымайды, тура сондай тоқал боп туады. Және тек үш түрлі түсте туады екен. Ақ, сары, күлдібалаң көк. - Бұқаның жылжарымдық өгізшелерінің салмағы 200-240 келіге дейін тарта береді. Бұлар жай далада жүргендері. Қолға ұстап, күтімге қояр болсаң, 300 келіге де жетіп жығылады, - дейді Ерлан Айтанов.

- Серікжан шаруа қожалығында өсіріліп жатқан бұл бұқалар Әулиекөл тұқымы аталады. Қостанайдан алдырылған асыл тұқымды бұқалардың арғы тегі Австралиядан келген. Асыл тұқымды аталық бұзауларды сәуір айларында 350-380-400 мыңнан алып жүрміз. Өз басымыз бұған ризамыз. Кейін айлар өте құжаты толтырылғасын, мемлекет 154 мыңын субсидиялайды. Бұл - шаруаларға үлкен көмек, - дейді шаруагер. 25 сиырға бір бұқадан алдырылса, түрлендіру жұмыстарына қатысқан әрбір аналық сиырға 10 мың теңгеден төлем қарастырылған екен.

- Күзде шөпке деп тағы ақша бөледі. Ана жылы үш жүз мың, кейін төрт жүз елу мың теңге алдық. Шаруаға одан үлкен қолдау бар ма? - дейді ағынан жарылған Ерлан бауырымыз.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521