Бюджет бекіді – міндет күшейді

 

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды шешімдер қабылданатын негізгі алаңның бірі – аудандық мәслихат сессиясы. Осы орайда аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының кезекті XIV сессиясы өтіп, онда ауданның алдағы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындайтын өзекті мәселелер кеңінен қаралды.

Сессия жұмысына аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары мен сала өкілдері қатысып, өңірдің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды құжаттар мен жоспарларды талқылады. Күн тәртібіне 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджетті бекіту, 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын қабылдау, ауданның Құрмет грамотасымен наградтау мәселелері, сондай-ақ аудандық мәслихат аппаратының 2026 жылға арналған штаттық кестесі мен шығындары және мәслихаттың келер жылға арналған жұмыс жоспары енгізілді.

 

 

Басқосуда басты назар алдағы үш жылға арналған аудандық бюджетке аударылды. Бұл мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынзер Сапаева баяндама жасап, құжаттың негізгі бағыттарына тоқталды. Бюджет жобасында инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамытуға басымдық берілген. Облыстан бөлінген нысаналы қаржы есебінен елді мекендерде көше жарығын жаңғырту, тұрғын үй құрылысына қажетті инженерлік инфрақұрылым тарту, мәдениет нысандарын дамыту және жол-көлік қатынасын жақсарту көзделген. Бұл жобалар аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, елді мекендер-дің келбетін жақсартуға бағытталған.

 

 

Баяндамашының сөзінше, әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалмаған. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, жас-тарды еңбекке тарту, қысқы маусымға дайындық, абаттандыру жұмыстары, тұрғын үймен қамту және санитарлық қауіпсіздікке қатысты шаралар бюджет жобасында қамтылған. Аудандық бюджеттің ағымдағы шығындары мәдениет пен әлеуметтік сала қызметкерлерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыруға, тазалық пен абаттандыруға қажетті техникалар алуға, ауылдық мәдениет ошақтарын жөндеу-ге және көше жарығын ұстауға бағытталады.

 

 

Күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы Айбек Нұрлыбеков баяндама жасап, мәслихат аппаратының алдағы жылға арналған штаттық құрылымы мен оның қызметін қамтамасыз етуге қажетті шығындар қолданыстағы жүйе аясында қалыптастырылғанын атап өтті. Бұл шаралар өкілді органның тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне бағытталған. Сондай-ақ мәслихаттың алдағы жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылып, сессиялар, тұрақты комиссия отырыстары, депутаттық тыңдаулар мен халықпен кездесулер жүйелі түрде өткізілетіні айтылды. Қаралған құжаттар депутаттық қызметтің пәрменділігін арттырып, мәслихат жұмысының үздіксіз жүзеге асуына мүмкіндік береді.

 

 

Бұдан бөлек, сессия барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жылғы нәтижелері сараланып, негізгі көрсеткіштер мен даму үрдістеріне жан-жақты баға берілді.Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. 

 

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT