Демеу - аудан намысын қорғап, чемпион атанды

(0 Votes)

Қазіргі таңда жастар арасында зиянды әдеттерге әуестенгендер саны азаймай тұр. Осыған орай, облысымызда «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен ұйымдастырылған «DOSBOXING CHAMPIONS 4» бокс кеші жастарды салауатты өмірге баулуды мақсат етті. Әртүрлі салмақ дәрежелерінде өткен бұл додаға кәсіби жауынгерлер мен жас спортшылар қатысты. Аудан намысын қорғаған Хамит Ерғалиев ауылының тумасы, жас боксшы Демеу Қыдыров 82 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, чемпион атағын жеңіп алды.

Демеу үшін бұл жарыс күтпеген сынақ болды. Аяқ астынан қатысуға шешім қабылдаған ол толық дайындықсыз, өзінен ауыр салмақтағы қарсыласпен рингке шықты. Бірақ табандылық пен рухани мықтылық жас спортшының жеңіс тұғырына көтерілуіне себеп болды.

Демеу Қыдыров – спортпен тұрақты түрде 10 жылдан бері айналысып жүрген, тәжірибелі, ерік-жігері мықты боксшы. Оның бұл жеңісі аудан жастарына спорттың мүмкіндіктерін көрсетіп, дұрыс жолды таңдауға шабыт бергендей.

Жарыстың ұйымдастырушылары мұндай шаралардың жастар арасында үлкен әсер қалдыратынын атап өтті. Олар мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуге ниетті.

– Біздің мақсатымыз – жастарды зиянды әдеттерден арылтып, спортқа деген қызығушылығын арттыру. Спорт – тәртіптің, табандылық пен денсаулықтың негізі. Осындай кештер арқылы жас буынды шабыттандырып, оларға жаңа мүмкіндіктер беру – басты міндетіміз, – деді ұйымдастырушылар.

Жеңімпаздың бұл жеңісі тек өзінің ғана емес, бүкіл ауданның абыройын асқақтатқан жетістік. Оның айтуынша, бұл жарысқа қатысу жоспарда болмаған:

–  Әрине, спорт оңай жол емес. Әр нәрсенің өз қиындығы бар. Бұл жарысқа қатысуым аяқ астынан болды. Тіпті, қарсыласыммен салмағымыз да сәйкес келмеді. Жарыс 100 келі салмақта өтуі тиіс еді, ал менің салмағым небәрі 82 келі болатын. Бірақ «бақ шаба ма? бап шаба ма? дегендей, бұйырғаны осы екен. Дайындығым толық болмаса да, бірінші кезекте анамның дұғасының арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын, – дейді  бізбен тілдескен чемпион.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT