Кеше ғана Сербия елінде өткен әлем чемпионатынан олжа алған жерлестеріміз Еркебұлан Қуанғалиев пен Абылайхан Мейрамбекұлы елге оралды.
Айта кетейік, Еркебұлан әлем біріншілігінде ересектер арасында күміс жүлде иеленсе, Абылайхан жастар арасындағы әлем чепионы атанған болатын.
Асхат Жұмабеков:
- Сайдың тасындай іріктелген спортшылардың қай-қайсысы да осал емес. Әсіресе, Еркебұланның финалдағы қарсыласы ресейлік палуанның қарым-қабілеті де, атағы да бір басына жетерлік. Басқасын айтпағанда, былтырғы әлем чемпионатының жеңімпазы. Дегенмен, Еркебұлан онымен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетті. Тіпті, бірінші болып, сәтті әдіс жасап, ұпай ашқан болатын. Алайда, соңғы уақытта басымдыққа ие болған орыс палуаны жарысты өз пайдасына шешті. Күміс жүлде де кез келгенге бұйыра бермейді. Тағы бір айта кетер жағымды жаңалық, Абылайхан спорт шебері нормативін орындады. Шәкірттерімнің алар асуы әлі де алда.
Еркебұлан Қуанғалиев:
- Бізге құрмет көрсетіп қарсы алып жатқан ағайларымызға, жанкүйерлерге, спорт сүйер қауымға ризашылығымды білдіремін. Күресте барымызды салдық. Алла қаласа, алдағы уақытта күмісімді алтынға айырбастайтын боламын.
Абылайхан Мейрамбекұлы:
- Барымызды салдық. Біз көздеген нәтижеге қол жеткіздік. Бізге тілеулес болған, жанкүйерлік танытқан Исатай ауданының тұрғындарына, барша спорт сүйер қауымға ризашылығымды білдіремін.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ