Д.Токсеитов: «Отанды қорғайтын жас ұрпақты мектеп қабырғасынан бастап, дайындауымыз керек»

Кез келген елдің айбынын білдіретін – ұлттық әскер.

Бүгінгідей алмағайып заманда әскердің қуатты болуы, барлық жағдайға сақадай сай болуы аса маңызды. Қазіргі кезде ауданымыз бойынша жастарды көктемгі мерзімге әскер қатарына шақыру науқаны жүріп жатқаны баршамызға белгілі. Осыған орай біз жақында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы, капитан Дәрмен Тоқсеитовке жолығып, жұрт көкейінде жүрген біраз сұрақтарға жауап іздеген едік.

- Өткен жылы көктемгі және күзгі мерзімге қанша жас әскер қатарына шақырылды? Олардың қаншасы әскер қатарына аттанды? Биылғы жылы қанша бозбала әскер қатарына шақырылмақшы? Олар қазір қандай әскери бөлімдерде қызмет етуде?

- Әскерге шақыру науқаны 1 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.

Өткен жылдың көктемгі және күзгі әскерге шақыру кезеңінде ауданымыздан жоспарға сәйкес аудандық әскерге шақыру комиссиясынан 400 азамат медициналық сараптау комиссиясынан өткізіліп, денсаулықтары жарамды 70 азамат әскер қатарына аттанды. Қазіргі таңда  Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің және Ішкі Істер министрлігінің Ұлттық Ұланы әскери бөлімдерінде әскери борыштарын өтеуде.

Биылғы жылдың көктем айында жоспарға сәйкес, ауданымыздан 250 азаматты шақыру комиссиясынан өткізу және берілген жүктемеге сәйкес 40-қа жуық азаматты мерзімді әскери қызметке аттандыру жоспарлануда. Бірінші кезекте наурыз, сәуір айларында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, сәуір мен мамыр айларында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, маусымның 30-на дейін Ішкі Істер министрлігінің Ұлттық Ұлан әскери бөлімдеріне жөнелтіледі.

- Жалпы Қарулы Күштер қатарына баратын жастардың денсаулығы туралы не айтар едіңіз?

- Әскерге шақыру комиссиясынан және арнайы бекітілген дәрігерлік комиссиядан әскерге шақырылушы азаматтар медициналық дәрігер мамандардың тексерісінен өтеді. Әскерге шақырылушы алдымен аудандық, содан соң облыстық шақыру комиссияларынан өтеді, денсаулығы жарамды болса, әскери командаға тағайындалады және қосымша психологиялық тест (полиграф) тапсырады, нәтижесі дұрыс болған жағдайда ғана мерзімді әскер қатарына шақырылады.

Әскерге шақырылушылардың жыл сайын денсаулығы жақсарып келеді деп айта алмаймыз. Әсіресе, анемия, дене салмағының аздығы, өт жолдары ауруы, ішкі бас сүйек қан қысымы, тұтығу, майтабан дерттерін жиі кездестіреміз. Азаматтар арасында терапиялық, хирургиялық, неврологиялық сырқаттардың белгісі байқалады. Омыртқаның майысуы, көз аурулары да жиі кездеседі. Осы орайда айта кетер жайт, түр-тұлғаның, арқа, бел омыртқаның дұрыс қалыптасуының, бұлшық еттің шымыр болуының негізі бала кезден қалануы қажет. Бүгінгі жас буынның спортпен шұғылданулары, болашақ Отан қорғаушылардың денсаулығы мықты болуы қажет. Басты байлық – денсаулыққа селқос қарамаған абзал.

- Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Жастар әскер қатарына барғысы келмейді» деген ой айтты. Осы рас па? Бұрындары біз қатарлы азаматтар Армияға өздері ынталылық танытатын еді. Айтыңызшы, жастар неге әскерден қашады? Әлде біз білмейтін себептері бар ма? Рух жетпей ме?

- Менің ойымша, «әскерге барудан бәрі қашады» деген түсінік дұрыс емес. Себебі, өз Отанының нағыз патриоттары саналы түрде, ықыласпен әрі үлкен қызығушылықпен Қарулы Күштер қатарында, басқа да әскери құрылымдарға қызмет етуге барады.

Тәуелсіздік алған тұста Қарулы Күштер қатарын қайтадан құру кезінде көптеген қиындықтар күтіп тұрды. Әскер туралы теріс пікір сол кездегі стандарттар бойынша қалыптасып, сақталып қалғаны да рас. «Әскерде әлімжеттік дендеп кеткен», «онда ұрып-соғады» тағы басқа осы сыңайлы теріс пікірлер бар. Ал, әскердегі бүгінгі жағдай іс жүзінде мүлдем басқаша. Екінші себеп, орта арнаулы оқу орындары мен орта мектептерде бастапқы әскери даярлықты оқыту кезінде осы даярлыққа бөлінетін сағаттар саны екі есеге қысқартылып кеткен. Отанды қорғайтын жас ұрпақты, болашақ ел қорғанын мектеп қабырғасынан, мектеп партасынан бастап, дайындауымыз керек. Отан қорғау деген қасиетті борышты балаға қаршадайынан санасына сіңіріп өсіру қажет.

Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде бірқатар ұсыныстар әзірледі.

Қорғаныс ведомствосы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Аталмыш өзгерістер әскерге шақыру жасындағы жастар мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдауға арналған. Атап айтқанда, әскери қызметшілердің мерзімді әскери борышын өтеу кезеңінде олардың отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтерге ақы төлеуде жеңілдіктер беру,  білім беру секторында орта арнаулы және жоғары оқу орындарына түсу кезеңіндегі жеңілдіктер қарастыру ұсынылуда. 

Қазіргі таңда ақшалай несие алған шақырылушыларға мерзімді әскери қызмет атқару кезеңінде несиені тоқтата тұру мәселесі банктермен шешілген, үстемақы алынбайды.  

Бір айта кетерлік жағдай, ауданымызда шақырылушы азаматтардың тең жартысы орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында оқитындар. Қазіргі кезең цифралық даму кезеңі болғандықтан, шақырылушы азаматтардың қорғаныс істері жөніндегі бөліміне келмей,  азаматтарға «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабы әскери қызметке әскерге шақыруды кейінге қалдыру және осы заңның 36-бабына сәйкес «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату»  «Е-лицензиялау» мемлекеттік қызметті көрсетуге өтінішті қабылдау кезеңі және www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы және  ұялы байланыс арқылы жолдау тәсілдері ата-аналарына және шақырылушы азаматтарға жеткізілді.

Осы жерде мүмкіндікті пайдалана отырып, әскер қатарына мерзімді қызмет жасауға баратын және қызмет жасап жатқан азаматтардың ата-аналарының назарына мына бір жайды айта кетсем деп отырмын.

Әскери бөлімнің әр бөлмесінде бейнебақылау жүргізілген. Әр әскери бөлімде гарнизон прокурорының және Әскери полиция жасағы бастығының сенім жәшіктері орналасқан, хат-хабарлар проблемалық мәселелер бойынша тездетіп шешімдер қабылдау үшін мекенжайларға түсетін мүмкіндіктер қарастырылған.

Казарманың (жатын-орын) әр жайғасу орындарында, штабта, асханада, БӨП, клубта барлық деңгейдегі басшылық құрамның, соның ішінде қызметтік телефоннан қоңырау шалу үшін қол жетімді сенім телефондары туралы ақпарат орналастырылған. Әскери қызметшілердің қызметтік әрекеттегі проблемалар туралы әр уақытта оларға қоңырау шалуға немесе СМС-хабарлама жолдауға мүмкіндіктері бар. Әр келіп түскен шағым (сигнал) бойынша проблемалық мәселелерді тексеру және жою бойынша, сондай-ақ осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау үшін алдын алу бойынша қажетті жұмыстарды әскери бөлім басшылығы қадағалау жүргізеді.

Ата Заңымыздың 34-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті» екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521