Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары, аудандық төтенше жағдайды жою басшысы Нұрберген Утегеновтің төрағалығымен жедел штаб мүшелері аудан тұрғындарымен елді мекендерді көктемгі өр суы мен Каспий теңізі тасқынынан қорғау мәселелерін талқылау үшін жиын өткізді. Жиында жедел штаб мүшелеріне эвакуациялық пункттердің дайындығы, тиісті техникаларды бөлу, сондай-ақ басқа да маңызды жұмыстарды ұйымдастыру тапсырылды. Бұл шаралар су тасқынының алдын алу мен қауіпсіз өткізу үшін қажетті іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыру мақсатында қолға алынған болатын.
Ауданда көктемгі су тасқынына қарсы шаралар толыққанды жүйелі түрде ұйымдастырылып, үлкен ауқымда жүзеге асырылуда. Аудан әкімдігі мен жергілікті ұйымдардың күш-жігері арқасында көптеген бөгеттер тұрғызылып, қауіп-қатерге қарсы нақты қадамдар жасалды. Айта кетейік, аудан аумағында өткен жылы Жайық өзенінің көктемгі су тасуына байланысты облыс әкімінің төтенше жағдай жариялау туралы шешіміне сәйкес аудан аумағында су тасқынына қарсы жалпы ұзындығы 78 шақырым болатын бөгеттерді көтеру жұмыстары атқарылды.
Оған қоса Аққыстау ауылдық округінде 12,9 шақырым, Тұщықұдық ауылдық округінде 9,3 шақырым, Жанбай ауылдық округінде 7,6 шақырым, Қамысқала ауылдық округінде 9,7 шақырым бөгеттер тұрғызылды. Сонымен қатар «Жайықмұнайгаз» МГӨБ күшімен Нарын каналынан Есіркеп каналына дейін 16 шақырымдық бөгет, Бақсай каналынан Ауқайран каналына дейін 22,5 шақырым бөгет тұрғызылды. Бұл шаралар су тасқынының аудан аумағына тигізер әсерін айтарлықтай төмендетуге бағытталған.
Зинеден ауылдық округінде Каспий теңізі жағалауында 10 шақырым ұзындықта бөгет тұрғызу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда. Бұл жобаның құны мен маңыздылығы, әсіресе, теңіз деңгейінің көтерілуі мен аймақтық қауіптердің артуы жағдайында ерекше назарда. Аудандағы су тасқынының алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін жалпы 450000 қапшық бөлініп, оның 341820-сы пайдаланылды. Қалған 108180 қапшық сақталуда. Бұл шаралармен қатар, аудандық әкімдік және жергілікті ұйымдар түрлі қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында 21 келісімшарт жасасты. Бұл келісімшарттар бойынша тұрғындарды тамақтандыру, қонақ үймен қамтамасыз ету, жанар-жағармаймен қамту, сондай-ақ басқа да қажетті қызметтерді көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атырау облысы әкімдігі тарапынан ауданға гуманитарлық көмек ретінде қолғаптар, су ыдыстары, генераторлар, мотопомпалар, қайықтар және электроконверторлар бөлінді. Бұл жабдықтар су тасқынына қарсы күресті жеңілдетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Томан елді мекенінде 2024 жылғы көктемгі су тасқынынан кейін тұрғызылған 4,6 шақырым бөгет қайта нығайту жұмыстарынан өтуде. Бұл жұмыстар елді мекенді толыққанды қорғау мақсатында жүргізілуде. Сонымен қатар ақпан айында аудандық комиссия бөгеттерді түгендеп, зерделеу жұмыстарын ұйымдастырды. Комиссия мүшелері Аққыстау, Тұщықұдық және Қамысқала ауылдық округтерінің әкімдерімен және аудан белсенділерімен бірге бөгеттерді қарап, олардың жағдайын бағалады. Бөгеттердің сапасы мен ұзындығы, сондай-ақ олардың су тасқынына қарсы тиімділігі тексерілді. Қазіргі таңда Нарын және Бақсай каналдарының жалдарын нығайту және түптерін тереңдету жұмыстары «Табиғат» КМК мекемесі тарапынан жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар су тасқынының алдын алу және аудан аумағын қорғаудың маңызды бөлігі болып табылады. Аудан әкімдігі мен жауапты ұйымдардың жүйелі жұмыстарының арқасында су тасқынының алдын алу шаралары жалғасын табуда. Бөгеттерді нығайту, каналдарды тереңдету, қамыстардан тазалау сияқты жұмыстар жүйелі түрде бақыланып, жүзеге асырылып жатыр.
Мейрамгүл ҚҰРАСОВА,
аудан әкімі аппаратының жалпы, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы