Нарын өлкесі — төкпе күйдің ұйытқысы, күй өнерінің қазынасын тербеткен қасиетті мекен. Бүкіл Қазақстанды, тіпті әлемді мойындатқан күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтан бастап, Дина Нұрпейісова, Дәулеткерей мен Ерғалилардың талайы осы өңірдің топырағында дүниеге келіп, өнердің керуенін жалғады. Осы ұлы шежірені айтқанда, ойға ең алдымен өзінің қысқа ғана ғұмырын халық ағарту ісі мен домбыра күйінің өрісін кеңейтуге арнаған ұлағатты ұстаз, дүлдүл домбырашы Ғибатолла Мәсәлімов оралады.

Бүгін, міне, аудан төрінде педагог-ұстаз, өнерпаз-ұлағат Ғибатолла Мәсәлімовтің 100 жылдығына арналған «Дарыны бөлек, дарабоз күйші – Ғибатолла» атты жас орындаушылар арасындағы облыстық күй байқауы өтті.

Шараға арнайы қонақ болып Болған Ғибатоллақызы, Гүзада Ғибатоллақызы, немересі Ринат Төлегенұлы, туған құдасы Қуанышкерей Сүлейменов және басқа да ағайын-туыстары қатысты.

Бұл облыстық күй байқауына Атырау қаласы мен Исатай ауданынан – 2 үміткерден, өзге аудандардан – 1 үміткерден сұрыпталып, барлығы 10 жас күйшi қатысты. Олар – өңірдің өнерін өрге сүйрер үміттері, ұлттық мұраны жалғап келе жатқан дарынды орындаушылар.

Атап айтсақ, атыраулық Нұрхан Нұрберген мен Ұлас Абзалұлы, құрманғазылық Әсел Есқабыл, индерлік Арай Ален, Жылойлық Нұрдәулет Жұма, махамбеттік Аруна Нысанбай,мақаттық Есендос Мақсот, қызылқоғалық Нұрперзент Смағұл, исатайлық Равиль Еркебұланұлы мен Әділ Орынбасар бақ сынасты. Бұл жас домбырашылар қазақ күйінің құдіретін жүрекпен сезініп, сахнада бірі төкпе, бірі шертпе күйлерді орындап, көрермен ықыласына бөленді.

Байқаудың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуі үшін өңірге танымал, ұлттық музыка саласында үлкен тәжірибесі бар тұлғалар қазылық етті. Олар ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Еңбек даңқы», «Құрманғазы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері, Қазақстан Республикасы Күйшілер Одағының мүшесі, дәстүрлі күй өнерінің жанашыры –Құттыгерей Дүйсеев, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің домбыра пәні мұғалімі, халықаралық конкурстардың лауреаты, кәсіби ұстаз – Нұргүл Хинекина, аудандық «Өнер» мектебінің директоры, халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі, тәжірибелі домбырашы, көптеген жас орындаушылардың тәлімгері – Ербол Ақтанов болды.

Біз залдың төрінен тартысты додаға көрермен ретінде лайықты бағасын беріп отырған бірнеше өнерсүйер жанды жолықтырдық. Оның бірі, әрине Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман Нағымұлы еді.

–Ғибатолла Мәсәлімов жөнінде өзімнің 1999 жылы Алматы қаласындағы «Ғылым» баспасынан шыққан «Атырау – білім өлкесі» деген алғашқы кітабыма енгізген болатынмын.Өйткені, мен ол кісінің шебер домбырашы екендігін сол кезде естідім.Сонымен қатар, облыстық «таңғалымды домбырашы» деген атаққа ие болғанын, ал одан кейін республикалық конкурстарға қатысып,бірнеше лауреат болғанын жазған едім.Бұл кісі қаншалықты домбырашы болса, соншалықты шебер педагог болған.Небәрі 35 жыл өмір сүріп, артына өшпестей із қалдырған. Ал бүгін жас өнерпаздардың арасындағы байқау өте тартысты өтті. Бұрынғыдай емес, жастардың өнерге қызығушылығы әрі жылдан-жылға деңгейлері өсіп келе жатқаны қуантады,-деген ол бізбен болған әңгімесінде ағынан жарылды.

Осылайша, екі кезең бойынша бақ сынаған қатысушылардан шын жүйріктер ғана алға суырылып шықты.

Үшінші орынды Әділ Орынбасар мен Нұрдәулет Жұма теңдей бөлісіп алды.

Ал екінші орынды Ұлас Абзалұлы иеленсе, бірінші орынға жерлесіміз Равиль Еркебұланұлы лайық деп танылып, қаржылай 100мың теңге сертификат табыс етілді.

Ал көрерменнің ыстық ықыласы мен қошыметіне ие болған атыраулық Нұрхан Нұрберген бас жүлде мен қаржылай 150мың теңге сертификатты қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, барлық қатысушылар сый-кәдесіз қайтпай, қаржылай сертификаттар иеленді. Әрі сол кештің төрінен табылған дүлдүл күйшінің ұрпақтары атынан қызы Болған Ғибатоллақызы сөз сөйлеп,жеңімпазға арнайы жүлдені табыстады.

Күй құдіретін дәріптеген, жас таланттардың бағын ашқан бұл шара – ұстаздың рухына құрмет, өнерге деген тағзым іспетті.

Сағыныш ҚАЙЫР

