Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мектептегі басты тұлға -мұғалім екендігін тілге тиек етті. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. «Бұлақ көрсең, көзің аш» дегендей білікті ұстаз ғана дарынды балалардың қабілетін байқап, оны шыңдайды.Бүгінгі күні мектеп оқушыларының арасынан ғылыми жобаға қатысып жүрген балалар қатары баршылық. Десе де, әр оқушымен мұғалімнің жұмыс жасауы - кәсіби біліктілікті қажет етеді. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген даналық сөзге зер салсақ, бағзы замандардан-ақ халқымыз жас буынның болашағынан үлкен үміт күткендігін аңдай түсеріміз анық. Яғни, бүгінгі жас буын - егемен еліміздің ертеңі, болашағы. Ал сол жас буынның өзінің болашағы – білім-ғылымда. Адам баласы тек білім арқылы дүниені таниды, сол білімнің арқасында ғылымды дамытады, ал ғылым елді дамытады, яғни техниканы өрістетеді, қоғамды ілгері бастырады, тағысын тағылар.
Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі мектеп партасындағы оқушының тәлім-тәрбиесі, оқу-тоқуы үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол жауапкершілікті жұмыстың бірі - талапты, қабілетті жасты білімге ұйыту, сол арқылы ғылымға жетелеу. Біздің аудандық білім бөлімінің дарынды оқушылармен жұмыс жөніндегі әдіскері Ақмарал Костурлинамен сұхбатымызға осы жайттар өзек болды.
- Қазақстанда дарынды балаларға қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналған. Қазіргі таңда олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ғылыми әлеуетін ашу, осы кезден ғылым мен білім жолына бағыттау үшін көптеген бас-тамалар мен бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Солардың бірі – жыл сайын өткізілетін республикалық ғылыми жобалар байқауы десек болады. Дарынды оқушылардың зерттеушілік дағдыларын жетілдіруіне, ғылыми тұрғыда өздерін танытуына және кәсіби бағдар алуына ықпал ететін бұл іс аудан мектептерінде қалай жүзеге асуда екен?
- Жалпы алғанда, ғылыми жобалар байқауының басты мақсаты – талантты оқушыларды ғылымға тарту, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту және ғылыми зерттеулер арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беру. Дәстүрлі түрде республикалық көлемде өтіп келе жатқан бұл байқауда еліміздің әр түкпірінен қатысушы оқушылар өз жобаларын қорғау барысында түрлі тақырыптарда – математика, физика, биология, химия, география, экология, медицина, инженерия және ақпараттық технологиялар секілді салаларда өз білімі мен қабілетін көрсете алады.
Сонымен қатар бұл ғылыми жобалар байқауы дарынды балаларға бірнеше маңызды артықшылықтар береді. Мәселен, байқау барысында қатысушылар нақты бір тақырып бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми ізденіс дағдыларын дамытады. Мәліметтер жинау, талдау жасау, эксперимент жүргізу, нәтижелерді қорытындылау және тұжырымдау сияқты маңызды ғылыми тәсілдерді меңгереді. Бұл дағдылар - жоғары оқу орнында оқуға, тіпті, болашақта кәсіби маман ретінде жұмыс істеуге үлкен көмек. Байқау оқушыларға өз жобаларын толықтай өз бетімен басқару, оны қорғау және нәтижелерді дәлелдеу міндетін жүктейді. Мұның бәрі оларға жауапкершілік, табандылық және мақсатқа жету қасиеттерін қалыптастырады. Байқау талаптары оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге, идея-ларын қорғап, нәтижелерін түсіндіруге үйретеді. Жүлдегер атанған оқушылар тек өз мектептерінде ғана емес, қоғам назарында болады. Жеңімпаз атанған оқушылар аудан, облыс, республика деңгейінде танымал болып, олардың болашақ кәсіби таңдауларында мүмкіндіктер артады. Бұл балалардың өз саласына деген қызығушылығын арттырып, алға ұмтылуға мотивация береді. Айта кетейік, көптеген университеттер республикалық деңгейдегі ғылыми жобалар байқауында жүлделі орын алған оқушыларға арнайы жеңілдіктер мен гранттар беріп жүр.
- Ғылыми жобалар байқауы бірнеше кезеңдерден тұратындығынан және әр кезеңде оқушылардың жұмыстарын бағалау үшін белгілі бір критерийлер қолданылатындығынан хабардармыз.
- Иә, ол солай. Бірінші кезең – мектепішілік іріктеу, яғни әлгінде айтылған мақсат-мұраттың бәрі мектептерден бастау алады. Онда оқушылардың зерттеу жобалары бастауыш бағалаудан өтеді. Осы кезеңнен өткен оқушылар аудандық және облыстық байқауларға жолдама иеленеді. Соңғы кезең әлгінде айтылған республикалық деңгейде өткізіледі, мұнда облыстардан іріктелген үздік жобалар өзара бәсекелеседі, былайша айтқанда, бұл байқау шәкірттердің білім-ғылымдағы бәсекелестік қабілеттерін де қалыптастырады деуге болады.
Республикалық ғылыми жобалар байқауының әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін тәуелсіз сарапшылар мен ғылым саласындағы тәжірибелі мамандар атсалысады. Олар оқушылардың жұмыстарын зерттеу әдістемесі, нәтижелердің дәлдігі, өзектілігі мен инновациялығы сияқты критерийлер бойынша бағалайды. Бұл жерде оқушылардың өз жобаларын қорғай білуі, нәтижелерін негіздеп, сұрақтарға жауап беру қабілеті де ескеріліп жүр.
- Түсінуімізше, ғылыми жобалар байқауының сәтті өтуі мен дарынды оқушылардың жоғары жетістікке жетуіне олардың мектептен бастау алған дайындығы басты әсер етуші болып отыр ғой. Бұл жерде оқушының ғылыми жоба жұмысына жетекшілік етуші, былайша айтқанда, шәкіртті үлкен сынға дайындаушы мұғалімнің де орны бөлектігі көрініс береді емес пе?
- Әрине, бұған сөз жоқ. Оқушыларды ғылымға баулуда олардың жетекшілері үлкен үлес қосады. Бұл үлкен еңбекті айтпай кетуге болмайды. Ұстаздар мен ғылыми жетекшілер тек білім беріп қана қоймай, оқушылардың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға, өз бетінше жұмыс істеуіне және жаңа идеялар жасауға баулуда ерінбей-жалықпай жұмыстанып келеді. Жетекшілердің көмегі арқылы оқушылар өздерінің алғашқы ғылыми жобаларын жасап, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, ғылым жолына деген қызығушылықтарын арттырады. Жетекші ұстаздары еңбегі, ең алдымен, оқушылардың жоғары жетістіктеріне, жобаларының өзекті және пайдалы болуына әсер етеді. Сол мұғалімдерінің көмегімен оқушылар:
* Ғылыми жобалар байқауларында жеңіске жетіп, жүлделі орындарға ие болады;
* Әлемдік деңгейде өткізілетін ғылыми байқауларда өз жобаларын ұсынып, халықаралық тәжірибе алады;
* Жоғары оқу орындарына жеңілдіктер мен гранттарға ие болу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Жетекшілердің еңбегі тек оқушының жеке жетістіктерімен шектелмейді. Жетекші мен оқушының бірлесе жасаған жобалары ғылымға, қоғамға нақты үлес қоса алады. Мысалы, экология, медицина, ауыл шаруашылығы, инженерия және IT салаларында дайындалған жобалар түрлі мәселелерді шешуге, технологиялық және әлеуметтік дамуды қамтамасыз етуге көмектеседі. Осылайша, ғылыми жоба жетекшілерінің еңбегі дарынды жастардың өз жолын тауып, қоғамның болашағына оң ықпал етуіне мүмкіндік береді.
- Осындай ғылыми жетекшілер біздің аудан мектептерінде де аз болмаса керек. Олардан кімдерді атар едіңіз?
- Тек соңғы жылдардың жетістігіне көз салсақ, аудан мектептерінде осындай мақтан тұтарлық жетекшілер мен ғылыми жобаларын аудан, облыс, рес-публика көлемінде қорғап, жүлделі орындарға ие болған шәкірттеріміз баршылық. Олар жөнінде кезінде аудандық газет беттерінде жазылып, әлеуметтік желілер арқылы да айтылып жүр. Мұның өзі де жас буынға үлкен қолдау екені түсінікті. Қайсыбір ғылыми жетекшілерді ғылыми жобасы жақсы бағаланған оқушыларымен қоса айта кетуге болады. Олардың қатарында Өркен орта мектебінің түлегі Қапсихқызы Дильназдың жетекшісі Салихова Анаргүл, Жұмабекқызы Мөлдір мен Думанқызы Заринаның жетекшілері Абренова Жамиға, Аққыстау орта мектебінің оқушысы Жұмабекова Зеренің жетекшісі Хасанова Ляззат, Ғ.Мәсалімов атындағы орта мектеп оқушылары Хамитова Кәусар, Айболатқызы Айдананың жетекшілері Амирова Венера, Абай орта мектебінің түлектері Шапих Нұрмұхамед пен Асхар Мансурдың жетекшілері Костурлина Акмаралды атауға болады. Сонымен қатар республикалық «Зерде» ғылыми жобаларының елдік деңгейдегі жүлдегері Х.Наубетов атындағы орта мектеп оқушысы Талапкер Нұрсаяның жетекшісі Ерғалиева Нұрбикенің де есімін атар едім.
Ғылыми жобалар жетекшілері — оқушылардың дамуына, ғылымға бет бұруына, зерттеу дағдыларын қалыптастыруға, болашақта өзіндік жолын табуына көмектесетін маңызды тұлғалар. Солардың ақыл-кеңесі арқасында көптеген жас дарындар ғылым әлеміне қадам басып, өз салаларында жоғары жетістіктерге жетуде. Жетекшілердің оқушылармен бірлесе жүргізген жұмысы тек жеке жетістіктерге ғана емес, елдің болашақ дамуына да оң ықпал етеді.
Қазір елімізде дарынды балаларға арналған білім беру мекемелері, арнайы бағдарламалар және гранттық қолдаулар дамуда. Мұндай қолдаулар дарынды оқушылардың білімге деген ынтасын арттырып, ғылымға бетбұрысын жандандырып, ел болашағы үшін маңызды жаңалықтар жасауына мүмкіндік береді. Түрлі демеушілер мен кәсіпорындар тарапынан ұйымдастырылатын ғылыми байқаулар, оқу гранттары және тәжірибе алмасу бағдарламалары да дарынды балаларға үлкен көмек. Бұл бағдарламалар арқылы жас зерттеушілер шетелдік жетекші университеттер мен ғылыми орталықтарда тәжірибе алмасып, өздерінің зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге шығара алады.
Жалпы айтқанда, ғылыми жобалар байқауы – тек жарыс қана емес, бұл дарынды жастардың болашағын айқындауға, олардың ғылым мен техника саласына деген қызығушылығын арттыруға және өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін маңызды платформа. Осы байқау арқылы көптеген жас ғалымдар өз саласында алғашқы қадамдарын жасап, үлкен жетістіктерге жетуде. Қазақстанда дарынды балалардың ғылыми әлеуетін дамытуға және олардың әлемдік ғылымға үлес қосуына барлық жағдай жасалуда екеніне қуаныштымыз әрі тілекшіміз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР