ДАРЫНДЫЛАР ДОДАСЫНДАҒЫ ДАРА ТАЛАНТ

 

 Білім – бағындырар белес. Заманауи оқушы тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, түрлі олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда өз қабілетін дәлелдеуде. Соның жарқын мысалы – Аққыстау орта мектебінің 5-сынып оқушысы Медет Мусин.

Ол жақында ғана Астана қаласында өткен «Алтын асық» республикалық математикалық олимпиадасында І орын иеленіп, ұстаздары мен ата-анасының, жалпы мектеп ұжымының үмітін ақтады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шыққан жас дарын бұл жеңісі арқылы ауыл мектебінде де сапалы білім алуға болатынын дәлелдеді. Аталған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылар қатысып, математика пәні бойынша білімдерін сынға салды. Осындай аламанда суырылып шығып, үздік атану – Медет үшін үлкен жетістік, келешекке жол ашатын маңызды белес. Әр баланың бойында бір жарық бар. Бірі өнерімен жарқыраса, бірі біліммен биікті бағындырады. «Алтын сақа» – 3-4-5 сынып оқушыларына арналған математикалық онлайн олимпиада. 5 күнге созылған білім додасында қатысушылар берілген уақыт ішінде тапсырмаларды онлайн форматта орындайды. Бұл байқауда үздік нәтиже көрсеткен оқушылар ел астанасы – Астана қаласында өз білімдерін офлайн кезеңде дәлелдеді.

    – Медеттің табандылығы мен жеңіске деген құлшынысы ерекше. Ол бастауыш сыныптан бері математика пәніне зор қызығушылық танытып келеді. Бұған дейін де «Бастау» сияқты олимпиадаларда республикалық деңгейде жүлделі орын алып жүр. Оның басты артықшылығы – есеп шығаруда талмай, жалықпай жұмыс істеуі. Жеңіс пен жеңіліс – бір сынақ. Мен Медетке эмоциясын басқаруды, сәтсіздікке мойымауды үйретуге тырысамын. Әрбір олимпиададан кейін жаңа мақсат қоямыз. Ал сынып болып оның әр жетістігіне бірге қуанып, әр жарысына бірге уайымдаймыз. Қазірдің өзінде ол демалыс уақытында «Зерделі» дайындық орталығының офлайн курстарына қатысып жүр. Әр баланың бойында бір ерекше қасиет болады. Тек соны дер кезінде байқап, дұрыс бағыт бере білу маңызды. Бұл жеңіс шәкіртімнің тынымсыз ізденісінің, еңбегінің жемісі. Ал менің міндетім сол жолда бағыт-бағдар сілтеу, қолдау білдіру. Әлі талай асулар күтіп тұр, -дейді жетекшісі әрі математика пәні мұғалімі Сания Жұмажанова шәкіртінің жетістігі туралы.  

 

 

Жеңімпаздың логикалық ойлау қабілеті мен табандылығының арқасында жеткен жетістіктері аз емес. 2024–2025 оқу жылында математика пәні бойынша аудандық және облыстық пәндік олимпиадаларда І орын иеленген болатын. Біліммен қатар, Медет шахмат, тоғызқұмалақ, теннис секцияларында аудандық деңгейдегі жүлдегер. Бұл оның жан-жақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Жас өреннің жеңісі – ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы. Ең бастысы бұл жеңіс өзгелерге үлгі, білімге ұмтылған балаға мотивация.

Медет сынды оқушылар – бүгіннің емес, болашақтың көшбасшылары. Оның әрбір жетістігі – жас буынға үлгі, ал ұстазы мен мектебі үшін зор мақтаныш. Осындай талапты, дарынды балаларды қолдап, оларды шыңдай білу баршамыздың ортақ міндетіміз.  Айта кету керек, бұл байқау тек білім жарысы ғана емес, оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, өзіне деген сенімін нығайтатын тәрбие мектебі іспеттес. Мұндай додаларда топ жарған балалардың болашағына деген сенім арта түседі.

 


Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT