Жуырдағы бір жиында жасы сексенді қусырып қалған бір ағамыз сөз арасында: «Біз қазір қатыгезденіп барамыз, мейіріміміз аз, сыйластығымыз да сұйылды...» деп қалды. Сонда қазақтың қанына біткен дейтін бауырмалдығы, мейірімділігі, сыйластығы қайда қалды, әу баста қазақты осыған тәрбиелеген, тәрбиелеп келген не еді деген сауалдар ойға оралды да, басымның бір бұрышында жатып алды. Әлгі ағамыздың айтқанын еріксіз еске салар жайттар кезігіп қалғанда, сол сауалдар да «сыр беріп» қояды.
Жалпы, бауырмалдық «адам бойындағы туысқандық, ағайыншылық қарым-қатынасқа адалдықты білдіретін ұғым» делінеді. Ол туыс адамдардың арасындағы жақсы көру сезімін, бір-біріне деген мейірімділігін, жанашырлығын, қамқорлығын білдіретін құнды қасиет саналады. Ал өзгені бауырына тарта білу, әр адамды жақын санап, қамқорлық көрсету сияқты ізгілік белгілері адамдар арасындағы өзара сыйластықты, бірін-бірі құрметтеу, жақын тұту сезімдерін қалыптастырады екен. Сонда бұл қасиеттер қазаққа қайдан келіп еді?
Әрине, мұның мәйегі ең бірінші отбасында, сол отбасындағы тәрбиеде жатқаны анық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген де даналық сөз бар. Отбасы – баланы, қазіргі тілмен айтқанда тұлғаны тәрбиелейтін және қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта. Бала сол отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Ал біз қазаққа қайдан келді деп отырған бауырмалдық, мейірімділік, сыйластық қасиеттері сол отбасынан, соның ішінде ондағы қазақтың дастарқанынан да бастау алып жатқанын көлденең тартатындар көп. Мамандар қазақ шаңырағында үлкен-кішінің бір дастарқанда отырып ас ішуі сыйластыққа бастап, бауырмалдыққа үндеп келгенін ешқашан жоққа шығарған емес. Бір-біріне тілегін де, күйініші мен сүйінішін де, сыйластығы мен татулығын да танытып отыратын дастарқан оларды бауырмал, мейірімді, сыйлас та болуға жетелеген. Тіпті, бір жақсы адам дүниеден озып жатқанда таныс-бейтаныс жандардың «дастарқандас болып едік», «дәмін татып едік қой» деп бақұлдаса келіп жатуы да көп жайтты аңғартса керек.
Айналғанда тоқталар тұсымыз адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан екендігі. Соның ішінде оның дастарқанынан да түзілетіні. Сондықтан да дастарқаны кең жайылған туған үйдің жылуы көкірегімізде көп жылдар бойы сақталып, жадымызда жүреді. Бұл жағдай отбасының әрбір мүшесі өзара сыйластықты сақтап, бойларынан да, ойларынан да бірлік пен татулық табыла жүргенде ғана мүмкін.
Осы дастарқан басындағы ұстанымдарға келетін болсақ, дәмнен үлкен нәрсе жоқ деп санайтын дәстүрлі ортада дастарқан басына байланысты қалыптасқан қағидалармен қатар маңызды да бұлжымас ережелер, жол-жоралғылар мол. Олар отбасы мүшелерінің, қонақтардың дастарқан басында орналасуы, өзін ұстауы, сый тағамдардың маңызы мен ретіне карай тартылуы, бата жасау, асату, сыбаға ұсыну, қайтарылуы, ас қайыру сияқты дәстүрлі ұстанымдардан құралады.
Осылардың қатарында үлкенді сыйлау салты да қазақ дастарқаны басында қатаң сақталып келгеніне өзіміз куәміз. Үлкендер мен үй иесі астан дәм татқан соң ғана басқалары тағамға қол созатын. Сол отбасына күйеу бала болып келетін адамдар мен жасы кішілер төменгі жақта отырады. Дастарқан басында өзін ұстаудың қалыптасқан қатаң нормалары да бар, ол өз алдына бөлек әңгіме.
Жалпы, қазақ дәмді, дастарқанды киелі санап, бір табақтан ас жеген адамдар жақын жолдас-жора, яғни дәмдес болды деп есептегендіктен, олар кейін өзара ешқашан жамандыққа барыспайды, бір-біріне бауырмал болады деген сенім болған. Мұны «бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» деп қысқа қайырып та жеткізген екен.
Үлкен, сыйлы кісілердің қолынан дәм татқан немесе осындай кісілерді дастарқан жайып қонақ еткен қазақ «дәмдес, дастарқандас болғанбыз», «қолынан дәм татқанбыз», «дастарқанымызға батасын берген» деп мақтаныш қылады. Өйткені, қазақтың дастарқаны - ақсақалдардың келелі кеңесі, аталы әңгімелері айтылатын, өнерпаздардың күйі ойнап, әні шырқалатын да жер. Дастарқандас болған адамдар бейтаныс адамдармен танысып, дәм-тұзы жарасып, араздасып жүргендер болса, татуласып кететіні де рас. Қазақ шақырғанда келмеген, дәм татпай кеткен адамды «дастарқан сыйламады», «дастарқан аттады» деп те сөгеді, бұл да дастарқанды жоғары қою, оны қасиетті, киелі санаудан. Қарияларымыз беретін баталарда дастарханға береке тіленуі де тегін емес. Үйлену тойында, отау көтергенде үйдің басты берекесі, мерекесі саналатын дастарқанға бағыштай «Дастарқаның мол болсын!», «Дастарқаның жиылмасын!» деп жатамыз. Бүгінге дейін, «Берекелі дастарқан, мерекелі дастарқан...» деп әндетеміз.
Иә, қасиетті дастарқан. Кей-кейде қалаға жолымыз түсе қалғанда «сырттан тамақ ішіп келіп ем» деп отыратындарды көргенде, болмаса «сырттан тамақтансақ қайтеді» дегендей ұсыныстарды естігенде әлгі бір ағамыз айтқан бауырмалдықтан жырақтай түсетіндей сезімде қаласың...
Дастарқанымыз кең, бауырмалдығымыз бекем болғай, ағайын!
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР