ДЕНІ САУ АНА - ҰРПАҚ КЕЛЕШЕГІНІҢ КЕПІЛІ

Жаңа өмірдің бастамасы – нәрестенің күлкісі мен жұпар иісі әрбір шаңырақтың шаттығы, қуаныш пен үміттің символы. Бұл ерекше сәтті жүктіліктің әрбір кезеңін жоспарлап, жүрекпен қабылдау – отбасының ұрпақ алдындағы басты міндеттерінің бірі. Дегенмен бұл нәзік тақырып қоғамымызда ашық талқылана бермейді. «Жаратқанның ісіне араласу» деп жат көріп, ой елегінен өткізбейтіндер де, мәселенің маңыздылығын түсінуге асықпайтындар да аз емес. Бірақ ана болу тек сый емес, үлкен жауапкершілік. Дені сау ұрпақ – ұлттың болашағы. Ұрпақ саулығы ананың құрсағынан басталатынын ұмытпайық. Өмірге жаңа келген сәбидің денсаулығы мен жарқын болашағы ананың жүктілікке дайындығынан, отбасының бұл кезеңге саналы түрде қарауынан бастау алады. Осыны түсіну заманауи қоғамның басты қағидасына айналуы керек.

Исатай аудандық ауруханасының отбасын жоспарлау жөніндегі акушері Гүлвира Жақсылықованың айтуынша, ауданда ерте жүктілік мәселесі әлі де өзекті болып отыр. 2023 жылы ерте жүктілік бойынша тіркелген 4 әйелдің біреуінде жүктілік түсікпен аяқталған, ал қалған үшеуі аман-есен босанған. Ал  өткен жылы бұл көрсеткіш артқан – 6 жасөспірім қыздың жүктілігі тіркелген. Олардың үшеуі медициналық көмек алу үшін қалаға кетсе, қалған үшеуі босану кезеңін сәтті өткерген. Бұл деректер қоғам арасында ерте жүктілікке қатысты алдын алу шараларының және түсіндіру жұмыстарының әлі де күшею қажеттігін көрсетеді.

Жүктілікті жоспарлау бұл тек отбасының қуанышты сәті ғана емес, болашақ сәбидің және ананың денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Бұл туралы отбасын жоспарлау жөніндегі акушер Гүлвира Қуанышбекқызы жүктілікті алдын ала жоспарлаудың маңыздылығын ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, бұл – ерлі-зайыптылардың дені сау баланы дүниеге әкелуге саналы түрде дайындалуы ғана емес, болашақ ата-ананың өз денсаулығына да жауапкершілікпен қарауы.

– Жүктілікті жоспарлау болашақ ананың және қажет болған жағдайда әкенің ағзасын толық тексеруді, ағзаға теріс әсер етуі мүмкін ауруларды анықтап, емдеуді қамтиды. Бұл кезеңде болашақ сәбидің саулығына ықпал ететін әрбір факторға назар аударылады. Жүктілік – әйел ағзасы үшін ерекше жағдай, себебі осы кезде жүрек, бүйрек, бауыр, жүйке, иммундық және эндокриндік жүйелер айтарлықтай жүктеме көтереді. Сондықтан жүктілікке алдын ала дайындалған жөн. Ең дұрысы – жоспарланған тұжырымдамадан 2-3 ай бұрын дәрігерге қаралу, -дейді маман.

Жоспарлаудың пайдасы мол. Ол көптеген денсаулық мәселелерінің алдын алып, нәрестенің сау болып туу мүмкіндігін арттырады. Маманның айтуынша, болашақ ана созылмалы ауруларды анықтап, оларды емдеу үшін гинеколог, терапевт, стоматолог, лор дәрігері және басқа да қажет мамандарға қаралуы керек. Сонымен қатар инфекцияларға тексеріліп, гормоналды жағдайды зерттеп, жамбас мүшелерінің ультрадыбыстық зерттеуін жасау маңызды. Қажет болса  қызамық пен В гепатитіне қарсы вакцинация жасату да ұсынылады.

– Егер жүктілік жоспарланбаған болса да, алаңдаудың қажеті жоқ. Жүктіліктің анықталған сәтінен бастап дәрігермен байланысып, толық тексеруден өту арқылы денсаулыққа қатысты мәселелерді анықтап, қажет болған жағдайда оларды жоюға болады. Жүкті әйел жүктілігін анықтаған сәтте ультрадыбыстық зерттеуге (УЗИ) асықпай, белгілі бір уақытты күткен жөн. Ең дұрысы, 6-7-8 апта аралығында УЗИ-ге түсіп, құрсақтағы баланың жүрек соғысы анықталған кезде дәрігерге қаралу қажет. Жүрек соғысы бар баланы дәрігерлер ресми түрде тіркеп, одан әрі бақылауға алады. Бұл – жүктіліктің қалыпты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Бастысы – болашақ ананың жүктілікті саналы түрде қабылдап, нәрестенің денсаулығы мен өзінің әл-ауқатына мұқият қарауы, -дейді Гүлвира Жақсылықова.

Бұл кеңестер жүктілікті саналы түрде жоспарлаудың маңызды екенін көрсетеді. Себебі дені сау ұрпақ – отбасы мен қоғамның басты құндылығы. Әрбір шаңырақта нәрестенің тәтті күлкісі мен өмірдің шаттығы шырқалуы үшін жауапкершілік пен қамқорлықтың орнын ештеңе алмастыра алмайды.

Аудандық аурухана мамандарының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы аудан бойынша 11 370 әйел бар, оның ішінде туу жасындағы әйелдер саны – 4 601, ал жасөспірім қыздар саны – 589. Бұл статистика әйел денсаулығына деген назарды күшейтіп, салауатты өмір салтын ұстану мен уақытылы медициналық тексеруден өту қажеттігін көрсетеді.

Ауданымызда бедеулік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, жыл сайын республикалық ЭКҰ бағдарламасы арқылы 4 әйелге квота бөлінеді. Бұл бастама нәтижесін беруде: 2023 жылы ЭКҰ арқылы ана атанған 2 әйел сәбиін құшағына алса, 2024 жылы тағы 2 отбасының арман-тілегі орындалып, жаңа өмірге қадам басқан. Бұл – медицина жетістігінің бір ғана көрінісі, алайда денсаулықты сақтау үшін әр әйелдің өз жауапкершілігі аса маңызды.

Медицина мамандарының пікірінше, әйел денсаулығына дұрыс көңіл бөлу тек ананың ғана емес, бүкіл отбасының әл-ауқатының негізі. Уақытылы медициналық тексерулер, салауатты әдеттер мен саналы өмір салты – дені сау ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі. Аурудың алдын алу оны емдеуден әлдеқайда оңай әрі тиімді. Сондықтан әрбір әйел өз денсаулығына мұқият қарап, болашақ ұрпақтың жарқын өмірі үшін жауапкершілік алуы керек.

– Жүкті әйелдерге медициналық қызмет көрсету міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жүзеге асырылады. Жұмыс істейтін әйелдер жарна төлеп, «сақтандырылған» мәртебеге ие болса, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер жеңілдік санатына кіруі үшін тіркелген емханада уақытылы есепке тұруы қажет. Бұл жағдайда соңғы екі айда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар болмауы шарт. Мұндай әйелдер шамамен 2-3 күн ішінде «сақтандырылған» мәртебесін алады және МӘМС пакетіне кіретін барлық медициналық қызмет түрлерін пайдалануға мүмкіндік алады. Алайда, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және қызметін тоқтатпаған әйелдер немесе бірыңғай жиынтық төлем төлейтіндер жұмыс істейтін азаматтар ретінде саналып, жеңілдік санатына енгізілмейді. Бұл жүйе жүкті әйелдерге қажетті медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етудің тиімді жолы ретінде қызмет етеді,-деді акушер Гүлвира Қуанышбекқызы.

 

Түйін: Жүктілікті жоспарлау – болашаққа жауапкершілікпен қараудың бірден-бір жолы. Бұл тек дені сау ұрпақ тәрбиелеудің негізі ғана емес, сонымен бірге отбасының әлеуметтік, психологиялық және физикалық әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын сақтау, уақытылы медициналық қызметтерді пайдалану және саналы шешім қабылдау арқылы әрбір отбасы бақытты да берекелі болашақтың негізін қалап, ұлттың денсаулығы мен дамуына үлес қоса алады.

Дәрігерлер әйелдерге денсаулықты сақтау және өмір сапасын арттыру үшін мына кеңестерді ұсынады:

  1. Жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өту. Бұл өкпе және басқа да тыныс алу жүйесіне қатысты ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, учаскелік дәрігер мен акушер-гинекологтың тексеруінен уақытылы өту аса маңызды.
  1. Туу жасындағы әйелдерге жыл сайынғы міндетті талдамалардан өту. Бұл талдамаларға жалпы қан (ЖҚА) және несеп (ЖНА) талдаулары, гепатит маркерлерін анықтау, қандағы қант деңгейін тексеру, электрокардиограмма (ЭКГ) жасау, жатыр мойынынан жұғынды алу және ВИЧ тесті жатады. Бұл тексерулер әйелдің денсаулығын толық бақылауға және болашақта кездесуі мүмкін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
  1. Салауатты өмір салтын сақтау. Бұл – дұрыс тамақтану, жеткілікті дене белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту және психологиялық денсаулықты күту арқылы қол жеткізілетін маңызды қағида.
  1. Скринингтік тексерулерден жасына сай өту. Белгілі бір жастағы әйелдерге арналған скринингтік бағдарламалар қатерлі ісік пен басқа да қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.

 

ЖАЙНА МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT