ДЕНСАУЛЫҚ ПОЙЫЗЫ ауданымызға аялдады

 

Дүйсенбі күні ауданның бір шалғайындағы Исатай ауылына келіп тоқтаған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетуді бастап кетті. Алыстағы ағайын үшін сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтау қызметін ұсынуды мақсат еткен бұл әлеуметтік жоба – еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүрген ауқымды республикалық бастама.

Теміржол бойында орналасқан ауыл тұрғындары бұл пойызды асыға күтіп, ертемен стансаға жиналды. Ресми қарсы алу салтанатына аудан әкімінің аппарат басшысы Арманбек Махмутов қатысып, дәрігерлер құрамына ауыл халқы атынан алғысын білдірді.

 

 

— Мемлекет қамқорлығын күнде сезіну – елдік белгісі. Бұл бастама аудан тұрғындары үшін өте маңызды. Шалғай ауылдарға арнайы келіп, кәсіби медициналық көмек көрсетіп отырған бұл топтың еңбегі ерекше,-деді ол.

Медициналық пойыздың бас-ты мақсаты – елден шалғай орналасқан стансалар мен ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсету.

Ал Исатай ауылында екі күнге аялдаған пойыз таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін үздіксіз қызмет етті. Бұдан кейін жәрдем пойызы Нарын, Аққыстау ауылдары мен Томан бекетіне бағыт алды.

 

 

Толықтыра айтқанда пойызда терапевт, стоматолог, офтальмолог, оториноларинголог, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог сынды негізгі мамандық иелері жұмыс істейді. Барлығы — өз ісінің шебері, тәжірибелі мамандар. Олар тұрғындарды қабылдап қана қоймай, қажетті ем-дом шараларын да сол жерде атқарды.

— Бұл жоба – шалғайда жатқан елді мекендер үшін үлкен демеу. Біз бұдан бұрын бірнеше облыс, қалаларды аралып, енді міне, Атырау облысында қызметімізді жалғастырып жатырмыз. Пойыз заманауи медициналық жабдықтармен – УДЗ, флюорография, зертхана, шағын операциялық бөлмемен қамтамасыз етілген. Интернет байланысы арқылы науқастың жағдайын бірден орталық жүйеге жолдап, әрі қарай емдеу жолдарын ұсынып отырамыз. Әрбір келген адамға барынша көмек көрсетуге тырысамыз,-деді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Әсемгүл Саханова.

 

 

Дәрігерлердің айтуынша, науқастар жас ерекшелігіне қарамай, көптеп келіп жатыр. Көбі медициналық тексерістен өтсе, енді бірі бұған дейін байқалмаған дерттерін анықтап, алға қарайғы ем алу жолдарын нақтылап алған. Ең бастысы – әрбір науқасқа берілген қорытынды мен ұсыныс сол сәтте-ақ қолына табысталады.

Медициналық пойыздың алғашқы келушілерінің бірі, ауыл ақсақалы Қадыржан Көпбергенов.

— Бұл жоба туралы бұрыннан хабардармыз. Қарт адамға ең керек нәрсе — денсаулық. Қалаға барып ем алу екінің біріне оңай емес. Уақыт, қаражат, жол машақаты бар. Ал осындай жәрдем пойыздары біз секілді қарияларға зор көмек. Емді уақытында алып, ертерек қамдану – ақылдының ісі,-деді ол.

 

 

Медициналық көмектен бөлек, жоба аясында тұрғындарға құқықтық, психологиялық және медиативтік қызметтер де ұсынылады. Азаматтық, еңбек, жер, тұрғын үй, салық, отбасы-неке қатынастары сынды түрлі сала бойынша кеңестер беріледі. Әсіресе әлеуметтік әлсіз топтарға ерекше көңіл бөлінуде. Олардың қатарында жалғызбасты аналар, көп балалы отбасылар, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар әйелдер, мүгедек жандар, жұмыссыз жастар, зейнеткерлер, ажырасқан азаматтар бар.

Медиатор мамандардың көмегімен отбасылық немесе қаржылық дауларға бейбіт келісіммен нүкте қоюға мүмкіндік жасалады. Әрине, бұл – қоғамдағы татулық пен түсіністікті арттыру жолындағы нақты қадам.

 

 

Халықтың саулығы мен қоғамның тұрақтылығын көздеген, шынайы қамқорлықты ту еткен жоба. Ақ ниетті жолаушыдай ауылға келіп, ақ тілекті арқалап қайтатын бұл пойыздың әр аялдамасы – халықтың алғысына толы. Бір сәтте жүздеген жанға қуаныш сыйлай алған кешегі күні аудан орталығы Аққыстауда аялдап, аудан басшысы бастаған жұртшылық өкілдері қуана қарсылап, бүгін Томан бекетінде тоқтаған пойыз ертең өзге өңірлерге келесі сапарға бет алса да, оның жылуы Исатай жұртының жадында жүрмегі сөзсіз.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT