Департамент басшысы Исатай ауданында келелі кездесулер өткізді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев жұмыс сапарымен Исатай ауданына келді. Сапар барысында ол ауданның мемлекеттік қызметкерлерімен, жастармен және қызмет алушылармен жүздесіп, Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа бағыттары мен жаңашыл бастамалары жөнінде жан-жақты әңгіме өрбітті.

Алдымен аудан әкімдігі ғимаратында өткен жиында Нұрлан Тәңірбердіұлы аудан әкімі Нұрым Мусинмен бірге мемлекеттік қызметшілердің активімен жүздесті. Кездесу барысында ол 2024–2029 жылдарға арналған ҚР мемлекеттік қызметін дамытудың тұжырымдамасы аясындағы басым бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік аппаратты жаңғыртудың басты ұстыны – сервистік және клиентке бағдарланған модельге көшу.

– Құрметті әріптестер! Киелі Нарын топырағына табан тіреп, өздеріңізбен бетпе-бет жүздескеніме қуаныштымын. Мемлекеттік қызметкердің басты миссиясы – елге адал қызмет ету. Оның мәртебесі де, беделі де осы ұстаныммен өлшенеді. Қазіргі таңда қызмет сапасын арттыру мен кадрлық саясатты жетілдіру – негізгі міндеттің бірі. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда,-деді департамент басшысы.

Нұрлан Еркебаев өз сөзінде мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесіне енгізілетін бірқатар маңызды өзгерістерді де атап өтті. Сондай-ақ, спикер еңбекақы жүйесі, әлеуметтік қолдау шаралары және тәртіптік жауапкершілік тақырыптарында да кеңінен тоқталып, қатысушылар қойған нақты сауалдарға ашық әрі түсінікті жауап берді. Кездесу соңында ол мемлекеттік қызмет саласына сіңірген еңбегі үшін Зерип Науанова, Рая Мангибаева және Әлібек Дүйсеновке Алғыс хат табыстады.

Жұмыс сапарының келесі бағыты аудандық Жастар ресурстық орталығы болды. Мұнда өткен ашық кездесуге аудан әкімі Нұрым Мусин қатысып, жастармен еркін пікір алмасу алаңын құрды. Өз кезегінде Нұрлан Еркебаев жастарға арнап өмірлік жолы мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі туралы айтып, 1 маусымынан бастап Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталғанын хабарлап өтті.

– Бұл жоба алғаш рет 2019 жылы басталды. Содан бері резервке енген жас мамандар басқару саласында, ұлттық компанияларда жетекші лауазымдарға тағайындалды. Бұл – дарынды, білімді жастар үшін ашық әрі әділ мансаптық өсу мүмкіндігі. Яғни, бұл – алтынмен пара-пар мүмкіндік,-деген ол жоба талаптары мен ережелерін толық түсіндірді.

Кездесу барысында жастар белсенділік танытып, сұрақтарын ашық қойып, өз пікірлерін ортаға салды. Спикердің нақты мысалдарға сүйене отырып берген жауаптары жастарға үлкен мотивация болды.

Сапар соңында департамент басшысы «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы»  КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы, Исатай аудандық бөліміне барып, бөлімнің жұмысымен танысты. Бөлім басшысы Адиет Темиров келген меймандарға бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігін, азаматтарға көрсетілетін қызмет түрлерін таныстырды. Мұнда да тұрғындармен кездесіп, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар сөз болды.

– Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету саласы халықтың сенімі мен бағасына тікелей байланысты. Сол себепті әрбір қызметкер өз ісіне мұқият қарап, үнемі дамуға ұмтылуы тиіс,-деді Нұрлан Еркебаев.

Иә, мемлекеттік қызмет – ел дамуының тірегі. Бұл сапарда көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар мемлекеттік аппаратты одан әрі жетілдіруге, ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған. Ал жас буынға арналған резерв – келешек көшбасшылардың жолын ашатын маңызды бастама.

 

Ж.ІЛИЯСОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT