«Депутаттар не істеді?». Серікбаевтың сауалы көпке ой салды

Исатай ауданында праймеризді ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстарын талқылау мақсатында жиын өтті.

Бұл жиында «Nur Otan» партиясы жақтастар лигасының бақылаушысы Бауыржан Серікбаев, партияның ссаяси менеджмент мектебі директорының орынбасары Сәуле Бақтымбет аудандағы партия белсенділерімен жүздесіп, пікір алысты.

Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбатыр Бекішұлы аудан бойынша дауыс беру орындарының дайындығы бойынша хабарлама жасаған соң қонақтар да сөз алып, залдағы көпшіліктің де ой-пікірі тыңдалды. Аудандық мәслихат депутаттарының осыған дейін ел игілігі үшін қандай қызмет атқарғанын білгісі келген Бауыржан Серікбаев «Аудандық мәслихаттың сессиясы талқысында депутаттардың қарсы пікірі себепті бюджеттен қаралатын қаржының кері қайтарылған сәттері болды ма?» деген сауалды төтесінен қойды.

Аудандық мәслихат депутаттарының айтуынша, бұндай жағдай болмаған. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ботакөз Құлғалиева аудан әкімінің зерттеп, зерделеп әкелген жобасын мәслихат депутаттары болып бір сессияда кері қайтару мүмкін емес екенін айтады. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауданда, облыста бюджетті талқылау кезінде қызу пікірталастар болып, сессия екі күнге созылған күндер де болған. Сол кездегі депутаттардың елге деген жанашырлығы бөлек болған секілді. Бір жағынан ол еліміздің егемендігін енді ғана алған өлара шағы болатын. Соңғы кездегі депутаттарды да осал дей алмаймын. Дегенмен, тұрақты комисия бәрін өлшеп, пішіп әкеледі. Белгілі бір мәселелерді көтеріп жүрген азаматтар бар. Бірақ, әкімнің жасап алып келген бюджетін кері қайтару деген - ол болмайтын нәрсе. Себебі, әр ауылдағы мәселелерді електен өткізіп, ол шаруаларды шешу жолында жоба құрып, шығын мөлшерін шығарып, белгілі бір уақыт көлеміне мөлшерлеп алып келген дүниеге «сен ананы салма, мынаны сал» деп айта алмайды, - дейді ардагер.

Жөн де шығар. Тек, депутаттардың атқаратын қызметтері бас изеп мақұлдап, қол көтеріп келісе кетумен шектеліп қалмаса екен дейміз ғой...

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521