Исатай аудандық мәслихат депутаттары Жанбай ауылындағы денешынықтыру спорт кешенінің құрылысымен танысты.
Депутаттар, «Nur Otan» партиясы Исатай аудандық филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Асхат Жұмабеков пен Нұрым Мусин жаңа кешеннің құрылыс қарқынын көзбен көріп, жұмыс сапасын қадағалап, партиялық бақылау жасады. Көргеніміздей, нысанның сыртқы құрылысы тамамдала келіп, ішкі жұмыстары басталып кеткен.
Алдында 100/20 алаңқайы бар кешен екі қатардан тұрады. Бірінші қатарда ерлер мен әйелдерге екі бөлек жуыну және киім ауыстыру бөлмелері, екінші қатарда үлкен жаттығу және екі жаттықтырушылар бөлмесі бар. Ойын залының көлемі - 32/18. Сыртта баскетболға арналған бөлек алаң жасақталып жатыр. Ғимараттың сырты сэндвич панелмен қапталған. Десек те, аудандық мәслихат депутаттары кейбір қарапайым болса да маңызды нәрселерге көңіл бөлінбей қалғандығын аңғарыпты. Мәселен, кешенде жай қызметкерлерге арналған шағын бөлме қарастырылмаған.
- Тазалықшы - іштің ұқыптылығына жауапты адам. Сондықтан, оған да жағдай жасалуы керек деп ойлаймын. Оларға құралдарын қоятын, бос мезгілде демін басатын шаршаруашылық бөлмесі қажет. Ол бір жағынан күзетшілерге де ортақ әрі ыңғайлы болар еді, - деген Асхат Жұмабеков жауапты мамандармен ақылдасып, бөлмеге оңтайлы орынды да белгіледі.
Тағы бір айта кетер жайт, екінші қатардың табанына төселген темір белдік баспалдақ алдын көлденеңінен орынсыз қиып өткен. Бір жағынан балаларға қауіптірек.
- Сүрініп кетіп, мына сом темірдің қырына ұрынатын болса, баланың аман қалуы екіталай. Ең бастысы - балалардың қауіпсіздігі. Сондықтан бұны басқа материалмен қаптаған дұрыс шығар, - деді аудандық мәслихат депутаты Нұрым Мусин.
Ауыл әкімі Дидар Есмұханов аталған ұсыныстарды тапсырыс беруші мекемеге жазбаша түрде жеткізетінін айтты. Оның айтуынша, спорт кешені енді бірер айда пайдалануға берілмек.
Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған мекеме - «Жалынды» құрылыс ЖШС, тапсырыс беруші - аудандық құрылыс бөлімі.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.