Интернет алаяқтық – бұл интернетті қолдану арқылы жасалатын алаяқтықтың бір түрі. Қылмыскерлер әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, қолданушыларға ақша аудартады немесе олар туралы жеке ақпараттарды алып, сол арқылы жеке шоттардағы ақшаны аударып алады.
Жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына қарамастан, адамдар аңғал болып, полиция органдарына азаматтар өздеріне қатысты жасалған алаяқтық туралы арыздарымен жиі жүгінуде.
Интернет алаяқтықтың басым бөлігі ұялы телефон және түрлі интернет платформаларды пайдалану арқылы (olx.kz, koleso.kz, krisha.kz, market.kz, instagram және т.б.) жасалады.
Тәжірибе көрсеткендей, алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет-парақшалар ашып, сайт жасап алады, не болмаса қылмыскер өзін заңды тұлға етіп көрсетіп, өз атына бірнеше пластик карта, банк шоттары және бірнеше абоненттік нөмір тіркейді. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып табылады.
Сонымен қатар жақын таныстарынан ұялы телефонын пайдалануға сұрап алу арқылы, алаяқтық жолмен бірнеше банктен онлайн несие рәсімдеп алу және есеп шотындағы қаражатты өз қажетіне жұмсау мақсатында өзінің есепшотына аударып алу деректері орын алуда.
Осыған байланысты аудан прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және бейтаныс адамдарға өздерінің дербес деректерін (ЖСН, жеке куәлік нөмірлерін және т.б.) жолдамауға, әлеуметтік желілерде төлем карталарының деректемелерін жарияламауға, күмәнді интернет-ресурстарда өздерінің банктік карталарының деректерін енгізбеуге кеңес береді.
Интернет алаяқтық фактілері анықталған жағдайда азаматтар дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.
Исатай ауданының прокуратурасы
сурет ашық дереккөз