Деструктивті ағымға жол жоқ!

ашық дереккөзден

 

Өзекті мәселенің бірі деструктивті діни ағымдардың алдын алу профилактикасы туралы теолог маман баяндады. Қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық – әр азаматтың басты жауапкершілігі. Сол себептен, деструктивті діни ағымдардың таралуына жол бермеу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, мектеп, отбасы және қоғамның барлық мүшесінің ортақ ісі болып табылатынын тілге тиек етті.

–Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен сала маманының бірлескен іс-шаралары аясында тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мектептерде, мешіттерде және қоғамдық орындарда семинарлар ұйымдастырылып, деструктивті ағымдардың қауіптілігі туралы ақпарат берілуде. Ақпараттың жетіспеушілігі мен діни сауатсыздық радикалды топтардың басты арсеналына айналды. Біз жастарға дұрыс бағыт көрсетіп, қоғамдағы бейбітшілікке зиян келтірмеу жолдарын үйретеміз, – дейді деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы мен Шапағат қоғамдық қорының теологы Әділжан Бижанов.

Оның айтуынша, жастар деструктивті ағымдарға ең осал топ болып табылады. Сол себептен, олардың діни сауатын арттыру, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік шараларын күшейту, мектептерде және клубтарда бейімдеу сабақтарын өткізу аса маңызды екендігін жеткізді.

–Қазіргі ақпараттық заманда жастардың санасына әсер ету өте жылдам жүріп жатыр. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы таралатын күмәнді діни контент олардың дүниетанымына теріс ықпал етуі мүмкін. Сондықтан жастарға тыйым салумен немесе құрғақ ескертумен шектелуге болмайды. Керісінше, олармен ашық диалог орнатып, сенімді әрі түсінікті ақпарат беру қажет. Жастар өздерін мазалаған сұрақтарына нақты, дәйекті жауап алғанда ғана дұрыс таңдау жасай алады. Діни сауаттылықты арттыру – радикализмнің алдын алудың ең тиімді жолы. Бұл бағытта отбасының, білім беру ұйымдарының және қоғамның бірлескен жұмысы аса маңызды, – дейді ол сөзінде.

Қоғамдық ұйымдар мен жастар кеңестері де деструктивті ағымдардың алдын алуда белсенді атсалысып келеді. Олар түрлі тренингтер, форумдар және онлайн семинарлар арқылы қоғамды ақпараттандыруда. Деструктивті діни ағымдардың алдын алу – қоғамның әр мүшесіне арналған ортақ міндет. Әрбір азамат өз отбасының, өз ортасының қауіпсіздігі үшін бұл мәселеге белсенді түрде атсалысуы қажет. Білімді, сауатты және жауапты қоғам кез келген экстремизм мен радикализмге қарсы ең мықты қорғаныс болып табылады.

Сөзімізді қорытындылай келгенде, интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және деструктивтік діни ағымдар – қоғамға төнген әртүрлі сипаттағы, бірақ салдары бірдей қауіпті құбылыстар. Бірі азаматтардың материалдық жағдайына зиян келтірсе, екіншісі отбасылық береке мен адам өміріне қауіп төндіреді, ал үшіншісі жастардың санасын улап, қоғамның тұтастығына сызат түсіреді. Бұл қауіптердің барлығы да көбіне аңғалдықты, ақпараттық сауатсыздықты және үнсіздікті пайдаланады. Деструктивтік діни ағым өкілдері де алаяқтар секілді азаматтардың сеніміне кіріп, жалған уәде мен теріс діни түсініктер арқылы өз мақсаттарына жетуге тырысады. Сондықтан кез келген күмәнді ақпаратқа, белгісіз адамдардың үндеулеріне сын көзбен қарап, ресми дереккөздерге ғана сүйену аса маңызды. Қоғам қауіпсіздігі – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Күмәнді жағдайға тап болғанда немесе қысым, алдау, зорлық белгілерін байқағанда үнсіз қалмай, тиісті мекемелерге хабарлау – қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы. Сақтық, білім және заңға деген сенім бар жерде алаяқтық та, зорлық-зомбылық та, теріс ағымдардың ықпалы да әлсірейді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT