Өңдеу өнеркәсібі – экономиканың тұрақты дамуының тірегі

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесіне ерекше мән беріп, бұл саланың ел экономикасындағы стратегиялық рөлін нақты айқындап берді. Шын мәнінде, өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін беретін уақыт әлдеқашан жетті.

Соңғы бес жылда аталған салада оң өзгерістер байқалады. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есеге өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтауы, ал жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 12,4 пайызға жетуі – жүргізілген саясаттың белгілі бір нәтижесін көрсетеді. Тек өткен жылдың өзінде 163 жаңа өндірістің іске қосылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орнының ашылуы – экономиканың нақты секторындағы ілгерілеудің айқын дәлелі.

Әсіресе Алматы, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында машина жасау мен металлургия саласында ірі кәсіпорындардың ашылуы өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыра түсті. Биыл Алматыда Қазақстандағы ең ірі автокөлік өндірісінің іске қосылуы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Дегенмен, Президент атап өткендей, бұл жетістіктер жеткіліксіз.

Ендігі міндет – экономиканы әртараптандыру үдерісін жүйелі әрі қарқынды түрде жалғастыру. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру – ел экономикасының сапалық жаңа деңгейге көтерілуінің басты шарты. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібін қолдау шараларының жүйесіздігі кәсіпкерлер үшін күрделі мәселе болып отыр. Сондықтан бұл саланы үйлестіру мен реттеу жұмыстарын бірізді жүйеге келтіру – уақыт күттірмейтін міндет.

Президент Жолдауында айтылған бұл бағыттар іске асқан жағдайда, өңдеу өнеркәсібі Қазақстан экономикасының басты қозғаушы күшіне айналары сөзсіз.

 

Раимбергенова Шара Сырымовна,
кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT