Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып, қосымша құн екі есеге артты

 

Соңғы жылдары Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі қарқынды даму үстінде. Саладағы қосымша құн көрсеткіші екі есеге өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Бұл – ел экономикасының құрылымындағы маңызды серпіліс. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жетіп, оның стратегиялық маңызын айқын көрсетті.

Бұл көрсеткіштер мемлекеттің индустриялық-инновациялық саясатының тиімді жүзеге асып жатқанын білдіреді. Қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары нәтижесінде салада нақты өсім байқалуда. 2024 жылы өңдеу секторында 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл өндірістер әртүрлі бағыттарды қамтып, елдің өндірістік әлеуетін арттыруда үлкен рөл атқаруда.

Жаңа өндірістердің ашылуы өз кезегінде еңбек нарығына оң әсерін тигізді. Нәтижесінде 12,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл тек қана экономикалық өсімді емес, әлеуметтік тұрақтылықты да қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады.

Өңдеу өнеркәсібінің дамуы – Қазақстанның шикізаттық емес экономиканы қалыптастыру жолындағы нақты қадамы. Алдағы жылдары бұл салада технологиялық жаңғырту, цифрландыру және экспортты ұлғайту бағытында жұмыстар жалғасын табатын болады.

 

Асылан ҒҰБАШ,

Исатай ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT