Өңдеу өнеркәсібі бүгінде еліміздің тұрақты экономикалық дамуын айқындайтын, өңірлердің индустриялық әлеуетін күшейтетін негізгі тіректердің біріне айналды. Тау-кен секторымен салыстырғанда бұл бағыттың өсім қарқынының жоғары болуы – экономиканы жаңғырту мен әртараптандырудың дұрыс жолда екенін көрсетеді. Мемлекет басшысының Жолдауында да «Экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілуі тиіс» деп атап өтілуі – осы саланың стратегиялық маңызын айқындай түседі.
Өңдеуші және өндіруші салалардың дамуы – өнеркәсіп белсенділігін арттырумен қатар, жергілікті еңбек нарығын нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы экспорт әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беретіні анық. Мұның өзі өңір экономикасының әртараптануына, шағын және орта кәсіпкерліктің жандануына серпін береді. Ендеше, біздің ауданда бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге асуда? Аудандағы өңдеуші-өндіруші салалардың бүгінгі күйі, даму әлеуеті, ресурстық әрі географиялық артықшылықтары, сондай-ақ алдағы межелері туралы сөз қозғаймыз. Басым бағыттарға талдау жасай отырып, мемлекеттік саясаттың ықпалы мен аудандағы нақты тәжірибелерге тоқталмақпыз.
Киелі Нарын топырағы – ғасырлар бойы мал шаруашылығын өрбіткен құтты мекен. Төрт түліктің өрісі кең бұл далада атакәсібін жалғаған шаруалар әлі күнге дейін мал шаруашылығын тіршілік көзіне айналдырып, көнеден келе жатқан дала мәдениетін сақтап келеді. Аудан тұрғындары мал өсірумен ғана шектелмей, ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғаны анық. Қарапайым ауыл шаруашылығымен айналысқан тұрғындар мал бағып, оның өнімін нарыққа шығарып, табыс тауып, аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтылығына ықпал етуде.
Алайда, қанша жерден еңбек етіп, сапалы мал өнімін өндіргенімен, ауданда шешімін күтіп тұрған маңызды мәселе бар. Ол – өңдеуші өндіруші саланың жоқтығы, әсіресе шикі етті өңдеп, дайын өнім түрінде сататын кәсіптің дамымауы. Қазір ауданда қой, жылқы, түйе өнімдері молынан болғанымен, олардың басым бөлігі шикі күйінде басқа аймақтарға немесе нарыққа өткізіледі. Бұл өз кезегінде жергілікті шаруалардың табысының төмендеуіне, ауыл экономикасының толыққанды дамымауына себеп болуда. Егер өңірімізде шикі етті терең өңдейтін кәсіпорын ашылса, бұл тек шаруалар табысын ұлғайтуға ғана емес, қосымша құн қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауданның экономикалық тәуелсіздігін арттыруға зор мүмкіндік берер еді. Еттен тек шикізат емес, шұжық, консерві өнімдері, жартылай дайын тағамдар, еттен жасалған құнарлы азықтар өндірілсе, Нарын өлкесінің өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сырт аймақтарға да танымал брендке айналары сөзсіз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН

