ӘДІЛ ЖҰБАНОВ ҚЫЗЫЛҮЙДЕ: НАҚТЫ ҰСЫНЫСТАР, ШЫНАЙЫ СҰРАҚТАР

Бүгін сәрсенбінің сәтті күнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов екі айлық парламенттік каникул шеңберінде Исатай ауданына арнайы іссапармен келді,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті. Сапар барысында халық қалаулысы елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, жергілікті тұрғындармен еркін форматта кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

 

Айта кетейік, бұған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сегізінші сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясын жабу және парламенттік каникул туралы қаулы қабылданған болатын. Осыған сәйкес, шілде айынан бастап Мәжіліс пен Сенат депутаттары екі айға созылатын демалысқа шықты. Бұл кезеңнің бір айы – депутаттардың өңірлерге шығып, сайлаушылармен кездесу, ел ішіндегі мәселелерді зерделеуге арналмақ.

Исатай ауданындағы жұмыс сапарын халық қалаулысы Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Қызыл үй елді мекенінен бастады. Онымен бірге «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов те болды. Мәжілісмен  алдымен Тұщықұдық ауылындағы Қызылүй елдімекенінде жаңа бастап тартылғалы жатқан электр жүйесінің жұмысымен танысты. Кеңес Үкіметі кезіннен ауыл орталығынан 40 шақырым шамасындағы елді мекеннің электр желісі жаңартылмақ. Қазірігі уақытта басталған жұмыс жыл аяғына дейін бітуі тиіс. 

Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғали аталған жобаның техникалық сипаттамаларына тоқталды.

– Жобаның жалпы құны – 346,0 миллион теңге. Тапсырыс беруші – аудандық құрылыс бөлімі, ал бас мердігер – «Kaz Engineering Provider» ЖШС. Жалпы қуаты – 5,7 кВт. 2,5 шақырым көше жарығы, 25,3 шақырым 10 кВ әуе желісі, 260 метр жер асты кабелі қарастырылған. Сондай-ақ, бір дана 25 кВт трансформатор, бір тарату пункіті және 38 дана көше жарығы орнатылатын болады,-деді бөлім басшысы.

Жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстармен көзбе-көз танысқан депутат мердігер компания өкілінен нақты жауаптар алып, құрылыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы қажеттігін қадап айтты.

– Ауыл инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Халыққа жарық, жол, ауыз су – күнделікті өмірдің ең өзекті қажеттілігі. Бұл іспетті жобалар сапа мен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жергілікті билік пен мердігер ұйымның жұмысы үйлесімді, ашық, әрі тиімді болуы тиіс,-деді Әділ Жұбанов.

Құрылыс нысанынан кейін халық қалаулысы Қызылүй елді мекеніне атбасын бұрып, тұрғындарымен кездесті. Ашық алаң форматында өткен басқосуға ауыл тұрғындары мен мекеме өкілдері қатысып, көкейдегі мәселелерін ортаға салды.

Жалпы ауданы 89,0662 гектарды құрайтын Қызылүй елді мекенінде бүгінде 265 тұрғын тұрады. Аудан орталығынан 45 шақырым қашықта орналасқан ауыл халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда 32 шаруашылық тіркелген. Ауыз сумен қамтуда елді мекеннің негізгі бөлігі «Атырау су арнасы» желісіне қосылғанымен, шалғайда орналасқан тұрғындар жер асты суын пайдаланады. Елдімекенде ауыз су, ұялы байланыс, көгілдір отын, жаңа мектеп ғимараты салынған.  Бірақ өндіріс, кәсіпкерлік нысандар жоқ.  

Кездесуде тұрғындар тарапынан бірнеше өзекті мәселе көтерілді. Атап айтқанда, елді мекенге халықты көбірек қоныстандыру, интернет жылдамдығын арттыру, спорттық үйірмелер ашу сынды ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар,ауыл тұрғындары осы жерден ардагерлерге арналған болсада демалыс орны салынса, сонымен қатар облыста жоқ балаларға сауықтыру орны болса дегенді ұсыныс етті. Жергілікті жерден қаймақ, шұбат, қымыз, етпен қамтамасыз етер едік деген ұсыныс айтылды. 

Депутат әрбір сауалға мұқият көңіл бөліп, көтерілген мәселелерді тиісті органдармен бірге қарап, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

– Осындай ашық диалог – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтады. Өңірдегі түйткілді мәселелерді Парламент деңгейінде көтеру – депутаттың басты міндеттерінің бірі. Ал ол үшін ел ішіндегі ахуалды көзбен көру, халықтың үнін есту маңызды,-деді мәжілісмен.

Исатай ауданындағы сапар халық қалаулысының ел ішіндегі шынайы ахуалды бағамдауы мен өзекті мәселелерді жедел назарға алуы тұрғысынан нәтижелі болды. Мұндай кездесулер – өңірлердің өркендеуі жолында нақты қадам жасауға негіз. Айта кетейік, жұмыс сапары Жасқайрат елді мекенінде жалғасын тапты.

 

Ж.ИСЛАТ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT