ӘДІЛ ЖҰБАНОВ ЖАСҚАЙРАТТАҒЫ МЕДИЦИНА НЫСАНЫМЕН ТАНЫСТЫ

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Исатай ауданына жұмыс сапары барысында Қызылүй елді мекенінен кейін Қамысқала ауылдық округіне қарасты Жасқайрат ауылына барды,- деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті. Бұл – халықпен ашық диалог құрып, өзекті мәселелерді жергілікті жерде тыңдап, шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға бағытталған сапардың жалғасы еді.

Жалпы аумағы 121 854 гектарды құрайтын, 110 тұрғыны бар Жасқайрат – аудан орталығынан 60 шақырым қашықта орналасқан. Мұнда 30-ға жуық шаруа қожалығы тіркелген. Елді мекендегі негізгі тіршілік көзі мұнда да мал шаруашылығы. Мамандардың мәліметінше, ауылда үш әлеуметтік нысан бар: негізгі мектеп, кітапхана және фельдшерлік-амбулаториялық пункт. Мектепте бар-жоғы 10 бала оқиды. Кітапхана қорында 8552 дана кітап бар, 106 тұрақты оқырманы тіркелген.

Электр қуаты мәселесінде ауыл тұрғындарының басым бөлігі дәстүрлі желіге қосылғанымен, елді мекеннен шалғай орналасқан шаруа қожалықтары күн панельдерін пайдаланып отыр. Ауыз су да – тіршілікке қатысты тағы бір маңызды мәселе. Жасқайраттықтар ішер суын жер асты скважиналарынан алады.

Кездесуге жиналған ауыл тұрғындары елді мекеннің тыныс-тіршілігі мен түйткілді мәселелерін депутатқа ашық жеткізді. Шаруагер Болат Рахметов судың берілетін уақытын нақтылап, оны бір мезгіл емес, екі мезгілге көбейтуді ұсынды. Өйткені белгіленген уақытта үлгере алмай қалғандар келесі күнді күтуге мәжбүр. Сондай-ақ ол қарақұрт көбейіп кеткенін айтып, ауыл тұрғындарының қарақұрт қаупінен алаңдап отырғанын жеткізді.

– Қарақұрт – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін жәндік. Бұл – елеусіз көрінгенімен, салдары ауыр мәселе. Ал судың екі мезгіл жүруі – жай өтініш емес, күнделікті өмірдің өзекті сұранысы. Елдің әр үнін естіп, шешім қабылдау – біздің міндетіміз,-деді халық қалаулысы.

Тағы бір мәселе ретінде интернеттің жоқтығы қозғалды. Жастардың сапалы білім алуы мен тұрғындардың ақпаратқа қол жеткізуі үшін желінің маңызын баса айтқан жұртшылық депутаттан бұл мәселені де назарда ұстауды сұрады.Сондай-ақ, Жасқайрат, Сборный каналдарын тазартып, тереңдетіп қазу мәселесі, ауылға қатқыл табанды жол салу жөнінде тілге тиек етті.

Кездесу барысында сала мамандары тұрғындардың қойған сұрақтарына жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ауыл тұрғындары өз тараптарынан да ұсыныс-пікірлерін ашық білдірді. Ашық алаң форматындағы жиын еркін әрі сенімді атмосферада өтті.

Сапар барысында депутат Жасқайрат елді мекеніндегі фельдшерлік-амбулаториялық пункт құрылысына да барды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Аудан әкімі Нұрым Мусиннің айтуынша, жобаның тапсырыс берушісі – Атырау облыстық құрылыс басқармасы, бас мердігер – «Декор» ЖШС. Құны – 146,4 млн теңге. Қазіргі таңда мекемені іске қосу үшін қажетті медициналық маман мәселесі ғана шешілмей отыр.

Халық қалаулысы ауыл ішіндегі мәдени ошақ – кітапхана жұмысымен де танысты. Оқырман саны мен кітап қорын көріп, өз бағасын берді.

– Біреулер ойлайды, бізге мұнай керек, алтын керек деп. Бірақ адам баласы тек нан мен шұбатпен ғана қоректенбейді ғой. Біз мәдениетімізді, руханиятымызды да дамытуымыз керек. Осындай шағыл арасындағы шағын елді мекенде мынадай бай кітапхана қоры бар деген – үлкен қуаныш. Малын қоралап, шабыты оянса, осы жерге келіп, кітап оқыса – бұл деген нағыз рухани демалыс,-деді депутат Әділ Жұбанов.

Әділ Жұбановтың Исатай ауданындағы жұмыс сапары – ауыл халқының тыныс-тіршілігін көзімен көріп, құлақпен есту арқылы ел ішіндегі ең өзекті мәселелерді Мәжіліс мінберіне жеткізуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болды. Жасқайраттағы жүздесу де осы жолдағы шынайы диалог пен нақты ұсыныстарға толы, мәні терең кездесу ретінде есте қалды.

 

 

Ж.МӘЛІМҚОЖА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT