Әділетті тариф – орнықты экономиканың бастауы

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты – жай ғана атқарылған істер тізбегі емес, мемлекеттің бүгінгі ахуалын ашық мойындап, болашаққа нақты бағдар ұсынған саяси-мазмұнды әңгіме. Бұл сұхбатта бұрынғыдай жалпылама уәде жоқ, керісінше, уақытында шешілмеген түйіндерге тура қарау бар.

Президент энергетика мен коммуналдық саладағы реформаны Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды өзгеріс деп атауы бекер емес. Себебі ондаған жыл бойы «жамап-жасқап» келген инфрақұрылым енді косметикалық жөндеуді емес, түбегейлі көзқарас ауысуын талап етіп отыр. Мемлекет басшысы мәселені ашық айтады: тозған жүйені қалпына келтіру аз, ең бастысы – жұмыс істеу тәсілін өзгерту қажет. Бұл – инвестиция тартатын, нарықтық тетіктерге негізделген, әділ әрі ұзақ мерзімді модель.

Сұхбаттың ең салмақты тұстарының бірі – тариф саясатына қатысты айтылған ойлар. «Арзан тариф – халыққа қамқорлық» деген жылдар бойы санамызға сіңген түсініктің жалған екені нақты дәлелдермен көрсетіледі. Арзан электр мен жанар-жағармайдың пайдасын қарапайым тұрғын емес, ірі кәсіпорындар мен делдал топтар көргені ашық айтылды. Бұл – қоғам үшін жайсыз болса да, айтылуы тиіс шындық. Президент ұсынған «кім қанша тұтынса, сонша төлейді» қағидаты – әлеуметтік әділдікке бастайтын жол. Әсіресе, атаулы көмек пен сараланған төлем жүйесі шын мұқтаж жандарды қорғаудың өркениетті тәсілі ретінде бағалануға тиіс.

Көлік-логистика саласына қатысты көзқарас та – стратегиялық ойлаудың айқын көрінісі. Қазақстанның географиялық орналасуы артықшылыққа айналуы үшін, оны нақты инфрақұрылыммен бекіту қажет. Жаңа теміржол магистральдары, халықаралық дәліздер, теңіз порттары мен цифрлық экожүйе – мұның бәрі елді Еуразияның көлік хабына айналдыруға бағытталған жүйелі саясаттың бөлігі. Бұл бағытта бәсекенің күшейгені де жасырылмайды, яғни мемлекет өз мүмкіндігін асыра бағаламай, нақты жағдайды ескере отырып әрекет етуді көздейді.

Ауыл шаруашылығына қатысты айтылған сын да орынды. Қомақты қаржы бөлінгенімен, оның тиімділігі әрдайым нәтиже бермегені ашық мойындалады. Президенттің кооперацияға қайта оралу туралы пікірі – ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, өнімділік пен нарыққа шығу мүмкіндігін арттырудың шынайы жолы. Мұнда да басты ұстаным – мәжбүрлеу емес, түсіндіру мен ынталандыру.

Туризм саласына келгенде, Мемлекет басшысы әсіре мақтаудан гөрі, нақты проблемаларды атауды жөн көрген. Табиғи әлеуетіміз зор болғанымен, жауапсыздық пен немқұрайлылықтың салдарынан мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырғанымыз жасырылмайды. Алматы тау кластері, «Шымбұлақ», экотуризм – барлығы да кәсіби басқару мен заманауи тәсілді талап етеді. Бұл тұста халықаралық медианың, соның ішінде CNN Travel-дың Қазақстанға назар аударуы – жауапкершілікті еселей түсетін фактор.

Жалпы алғанда, бұл сұхбаттың басты құндылығы – шындықты мойындау және соған сәйкес әрекет етуге дайындық. Жаңғыру – әдемі ұран емес, ауыр шешімдерден, кейде қоғамға ұнамайтын, бірақ ұзақ мерзімде елді алға бастайтын қадамдардан тұратыны осы әңгімеде анық көрінеді. Президенттің «қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі нәтиже маңызды» деген ұстанымы – бүгінгі кезеңнің басты талабы.

Бұл сұхбат қоғамға бір нәрсені анық аңғартады: Қазақстан жаңа кезеңге өту үшін бұрынғы жайлылық аймағынан шығуға мәжбүр. Ал сол жолда әділдік, жауапкершілік және ашықтық негізгі бағдар болуы тиіс.


Қамбар МАНСЫРОВ,
шаруагер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT