Дініңнен адаспа, діліңнен айныма

"Рухани тəрбие дегеніміз не, сіздің көзқарасыңыз қандай?"

Осындай тақырыпта аудан жастарына рухани тəрбиенің мəн-мағынасын түсіндіру, рухани адамгершілік құндылықтарды насихаттау мақсатында 7 тамыз күні Исатай аудандық əкімдігінің мəжіліс залында аудан жастарымен кездесу ұйымдастырылды.

Жиынға Исатай ауданының Құрметті азаматы, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Ж.Қадимов, "Шапағат" қоғамдық қорының теологі Н.Хаван, ақпараттық талдау орталығының маманы Е.Насимуллин және аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Р.Есқали қатысты. Шараның негізгі мақсаты – аудан жастарына деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу.

din1

Жастар ресурстық орталығының басшысы Р.Есқали жастарға арналған шараның маңыздылығына тоқталып, аталған тақырып бойынша сөйлейтін баяндамашыларды таныстырды.

Алғаш сөз алған Ж.Қадимов рухани тəрбие жөнінде кеңінен ақпарат берді. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу шын мұсылманның жарқыраған бет-бейнесі екендігін Абай атамыздың өлең жолдары мен ұлағатты сөздерін келтіре отырып, жастарға ой салды.

Н.Хаван өз кезегінде қоғамда пайда болған діни бөлінушіліктің кейбір отбасыларға кері əсерін тигізіп жатқаны жөнінде статистикалық мəліметтер келтірді. Сонымен қоса, ислам дінінің атын жамылып, жастарды теріс бағытқа тəрбиелеп жүргендердің кескін-келбетін, негізгі идеяларын түсіндіріп, дəстүрлі дінімізді мойындайтын шын мұсылман болуға шақырды.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Е.Насимуллин діни сауатты болып қана қоймай, рухани дүниемізде де ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарды біліп, отбасымызды, Отанымызды қадірлейік деген пікірін білдірді. Кездесу соңында қонақтар аудан жастарының сұрақтарына жауап берді.

Айкөркем НҰРҒАЛИҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT