Дүйім жұртты маңайына жинаған,
Бұл аспапты бүкіл әлем сыйлаған.
Бұл домбыра қалған сонау Тәттімбет,
Ер Махамбет, Құрманғазы, Динадан.
Ханға естіртіп бала өлімін күй тілмен,
Бұл домбыра түймегенді түйдірген.
Бұл домбыра қарт нарды да идірген,
Күймегенді ұяттан да күйдірген.
Күмбірлеген күйдің сырын аңғарған,
Бабаларым, көш бастаған заңғарға.
«Домбырадан садаға кет» демекпін,
Қасиетін түсінбеген жандарға.
Қаңқу сөздер айтылғанмен не түрлі,
Халқым осы қасиетпен жетілді.
«Қазақ» деген сөздің өзі ежелден,
Домбырамен егіз ұғым секілді.
Кие барда келешекке нық қадам,
Қазақ өзін өзге алдына жықпаған.
Жеті әлемнің сырын әсте ұқпайды,
Екі ішектің құдіретін ұқпаған.
«Кісен ашып» күй буына кірмеген,
Қандасым жүр «қашқандай боп түрмеден».
Жат елдің де жамауына татымас,
Өз елінде шекпен киіп жүрмеген.
Жат ұғымның қаңсығына сандалып,
Құндылықты сезінбеген жан ғаріп.
Біздер неге еліктейміз бөтенге,
Бізге бәрі жатқан кезде таңқалып.
Қатты кетсем кешіргейсің, «ғаріп» деп,
Жеті атамнан датта, мейлі әріптеп.
Мен де өлермін, ұрпақ үшін қазағым,
Домбыраңды жүрші әрдайым дәріптеп.
Данабек Бапанов
Жас ақын