Осынау бір қарағанда елгезектеу де қарапайым көрінетін, ал қолына домбыра берсең өн бойынан күй төгілетін бозаң жігітті білетіндердің аз-көбін білмеймін, ал өзім біраздан сырттай қанық болып қалыппын.
Кейде қуаныш-тойларда, кейде салтанатты жиындарда, арагідік теледидардан да көрініп қалып жүретін онымен – өнер қонған Нарынның өнерлі өрендерінің бірі Оспан Жанарыспен сұхбаттасудың да сәті түсті.
- Мен 1998 жылы Тұщықұдық ауылында дүниеге келгенмін. Отбасында төрт ұлдың үшіншісімін. Әкем Теміржан – мұнайшы, анам Қаламқастың мамандығы – сауда саласында. 2005 жылы ауылдағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің бірінші сыныбына бардым. Тоғызыншы сыныптан соң Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академия-сының Атырау музыка колледжіне домбыра-тенор бөліміне оқуға түстім, биыл тамамдап шыққалы отырмын.
- Отбасында домбыра тартушылар бар ма еді, кімнен үйрендің?
- Үйде ешкім де домбыра шертпейтін. Атам Ізмұханбеттің айтуынша, анасы – біздің Жаңыл есімді үлкен әжеміз домбырашы болған екен. Мүмкін сол кісіден дарып жетті ме, әйтеуір, осы домбыраға көңілім ауды. 2008 жылы Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің домбыра сыныбына алып келген де осы талап. Осындағы домбыра сыныбында Ербол ағай Ахтанов сияқты жақсы ұстазға жолықтым, жолым болды.
- Алғашқы үйренген, сахнаға алып шыққан күйлерің қандай күйлер еді?
- Ең алғашқы үйренген шығармаларым – халық күйлері – «Кеңес», «Жастар» болатын, сосын Дәулеткерейдің «Қосалқасын» тартатын болдым. Ербол ағай өте талапшыл болды, соның арқасында домбыра тартуды, сахнада отырып-тұруды тез меңгеріп кеткен шәкірттерінің бірі болдым.
- Алғашқы дегеннен шығады, алғашқы жарысы, тұңғыш жетістіктері де өнер адамының жадынан өшпей жүретін дүниелердің бірі ғой.
- Әрине, оларды еш ұмытқан емеспін. Ең алғаш саз мектебінің үшінші сыныбында оқып жүргенімде, 2011 жылы жас музыканттардың аудандық конкурсына қатыстым. Алғашқы жетістігім – Алматы қаласында «Күншуақ» деген атаумен өткізілген саз мектептері оқушыларының республикалық байқауында жүлдегер ата-нуым. Өте қатты қуанғаным есімде. Онда Құрман-ғазының «Төремұрат», Айтқали Жайы-мовтың «Шаттанамын» күйлерін орындағанмын.
- Байқап жүреміз, қазір репертуарыңды байыта түскен сыңайлысың ғой?
- Бәрі еңбекпен, оқумен ғой аға, алдымен ұстаздарымның үйретуінің арқасы. Бүгінде колледжде Гүлнар Мәтжанқызы Әбділдиева апайымнан сабақ оқып жатырмын. Орындайтын күйлерім көп деп мақтана алмаймын. Қазір Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде», «Атырау», «Қуаныш», «Мұнайшы Ақжелең», «Той», Динадан «Бұлбұл», «Сегізінші март», Құрманғазыдан «Терісқақпай», «Байжұма», Шәмшиден Шәріповтен «Ауыл шаттығы», «Шалқыма» күйлерін орындап жүрмін.
- Жақында аудан орталығында концерт беріпсің. Бұл, естуімше, тырнақалды шығармашылық кеш деуге де келеді екен. Жерлестерің қалай қабылдады деп ойлайсың?
- Биыл бұйыртса колледжді бітіремін. Шындығы керек, көп болмағанымен, осыннан біраз нәрсені оқып-үйренудеміз. Осыдан кейін сондай бір бастаманы ойға алып қалдым да, тә-уекел дедім. Өзімнің «Ауыл шаттығы» аталатын жеке концертімді Аққыстауда өткізу солай жүзеге асқан. Оған ұстазым Бауыржан Ақтай жетекшілік ететін «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі, курстастарым – жас өнерпаздар Аяжан Еркінғалиева, Байбақты Ідірбай қатысты. «Сармад» - Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаттарының бірі, шеберлігін енді шыңдап келе жатқан өнер ұжымы, өзім де соның құрамындамын. Концертте тағы бір тамаша ұстазымыз Алма Сыздықова фортепианода сүйемелдеді. Концертте Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш», «Жауға шапқан», «Қайран, Нарын» күйлерін, басқа да шығармалар орындадым. Кешке келгендер жақсы қабылдағанына, қолдау та-нытқанына қуаныштымын, өнерге жанашыр жандардың баршасына рахмет дегім келеді.
- Биыл колледжді бітіресің, алдағы мақсатың қандай?
- «Мен осылай жасаймын», «Болашақта бар биікті бағындырамын» деп жататындар баршылық сияқты. Бірақ өзім бір нәрсені күні бұрын айтқым келмейді, бұл - атамнан ал-ған тәлімім. Әр нәрсе өз уақытында демей ме, аға, мен соны құп көремін.
- Рахмет, Жанарыс! Өнер айдынында өрге жүзе бергейсің!