ДОП ДОДАСЫНДАҒЫ ДАРА ЖЕҢІМПАЗ – ұстаздардан құралған «БАРЫС»

Аққыстау ауылдық спорт кешенінде аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің Жастар ресурстық орталығының  ұйымдастыруымен мекемелер арасында аудандық кіші аяқ доп турнирі өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» ұранымен өткен бұл додада тек спорттық шеберлік сынға түсіп қана қойған жоқ, әділдік пен таза бәсекенің маңызы тағы бір мәрте айқындалды.

Турнирге Исатай ауданы әкімдігі, «Қазақстан теміржолы» командасы, полиция бөлімі, Жанбай шекара қызметі, құтқарушылар, Исатай аудандық және Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, аудандық білім бөлімі ұстаздарынан құралған «Барыс» командалары қатысты. Қатысушылар үшін бұл бәсеке жеңіс үшін талас қана емес, салауатты өмір салтын ұстану мен ұжымдық ынтымақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Турнир бастала салысымен «Барыс» командасы өз мықтылығын дәлелдеп, алғашқы ойында Исатай БЖСМ ұжымын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Кейін Жанбай БЖСМ-мен кездесуде 8:1 есебімен басым түсіп, қарқынын бәсеңдетпеді. Үшінші ойында да Жанбай шекара қызметінің командасын 7:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті. Бұл кезеңде де сенімді ойын өрнегін көрсетіп, Құтқарушылар командасын айқын басымдықпен артта қалдырды. Ал финалда олар мықты қарсылас ҚТЖ командасымен кездесіп, тартысты ойында 5:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша аудандық білім бөлімі ұстаздарынан құралған «Барыс» турнир чемпионы атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі екінші орынды «Қазақстан теміржолы» командасы иеленсе, үшінші орынмен   Исатай БЖСМ марапатталды. Сондай-ақ ерекше ойын көрсеткен спортшылар арнайы номинациялармен марапатталды. Үздік қорғаушы атағы Азамат Балмурзинге бұйырса, үздік ойыншы болып Дидар Иманәлиев танылды. Турнирдің үздік сұрмергені атағын Равиль Қожасов иеленсе, үздік қақпашы ретінде Алтынбек Аленов марапатталды. Жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар табысталып, бірінші орын иегері 70 000 теңге, екінші орынға 50 000 теңге, ал үшінші орынға 30 000 теңге берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш дода тек футболдағы тартысты кездесулермен ғана емес, әділ бәсекенің, командалық рух пен ынтымақтастықтың жарқын көрінісімен есте қалған. Осындай іс-шаралар спортты дамытуға және жастар арасында адалдық пен әділдік қағидаларын қалыптастыруға  өз үлесін қосады.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT