«Досымыздың жарты денесін алып шықтық». Ауғандық ардагер естен кетпес оқиғамен бөлісті

Қамысқалалық Қадыржан Гумаров Ауған соғысы ардагерлерінің бірі. Аудандық іс-шаралар барысында интернационалист жауынгермен тілдесудің сәті түсті.

Ол әскери борышын 1979 жылдың аяғында Талдықорған облысы, Панфилов ауданында бастапты. 1 желтоқсанда әскери ант қабылдаған жас сарбаз белгілі сынақтардан өтіп, бронды әскери техника жүргізушісі болыпты.

- Сәуір айының соңында бізге басқа бір әскери бөлімшеге баратынымыз жайлы хабар келіп, бір күнде алып кетті. Бірақ соғысқа баратынымызды білген жоқпыз. Бір тәуліктен асқан соң ғана Өзбекстан елінің аумағына кіргенімізді білдік, -дейді ол.

Одан әрі Өзбекстанның Терез деген қаласындағы әскери базаға орналасқан олар бір аптадан соң Мәскеу жақтан Кеңестің эшелоны келіп, содан бір бөлек әскери бөлімше құрылып, Ауған аумағына кіріпті.

- Ол кезде 18-20 жас аралығындағы балаң жігіттерміз. Ант қабылдағаннан кейін сертімізге бекем, антымызға адал босақ деген ой тұрды. Он бес одақтас мемлекеттен тұратын Кеңестік дәуір ғой, әр жерден жиылған ұлт өкілдерімен бір бауырдай болып, қиын күндерді бастан өткердік, - дейді өткен күнге ой жіберген интерноционалист жауынгер одан әрі әлі күнге көз алдынан кетпейтін бір оқиғамен бөлісіп. – Соғыс қимылдарының бірінде екі батальон алға жылжып кетті де үшіншісі – біз артта қалыңқырап қойдық.

Адамдарымыз да азаңдау, күндіз-түні ұрыстан шаршаңқырап қалдық. Артынша жоғарыдан генералымыз келіп: «Сендерді азайтып жатыр, тезірек қимылдап алдыңғы екі батальонға қосылыңдар» деп пәрмен берді. Алға жылжумен үш тәулік жүріппіз. Екі таудың ортасына келгенде оқтын-оқтын оқ атып калоннамызды бөліп тастады. Бірақ, әскери тікұшақтарымыз оларға барынша кедергі келтіріп бақты. Мен – бронды әскери техника командирімін. Взвод командирі Серік Тастанбеков өте білімді әскери тактиканы меңгерген аға лейтенант еді.

Соның бұрылыстан бізді түсіріп, экипажды жалғыз өзі өткізіп келе жатқан кезінде жаяу әскер мәшинесіне мина түсіп, бәрін жарып жіберді. Сол кездегі жағдайымыз өте ауыр болды. Командиріміз «Орловты шығарыңдар!» деген бұйрық берді. Омаров деген қырғыз жігіті екеуміз Орловтың жарты денесін алып шықтық. Мина бронды тесіп әлгі жігітті белінен бөліп тастаған екен. Жарты денесімен жатқан Орлов соңғы рет су сұрады. Сонан соң көз жұмды. Кейін денесінің белден төменгі бөлігін де тікұшаққа салып жібердік. Соғыстың оңай сәті болмайды ғой. Бірақ дәл осы бір оқиға бізге қатты әсер етті, - дейді жанары жасаураған жауынгер.

«Ондай соғыстардың бетін аулақ қылсын» деген Қадыржан аға ойын бейбіт күннің қадірін білсек деп түйіндеді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521