Қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл ретте түрлі діндер мен конфессиялардың өзара түсіністік пен келісімде өмір сүруі айрықша маңызды. Діндер қауымдастығының басты мақсаты да – халықты бірлікке, өзара құрметке, татулыққа үндеп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру.
Ауданымызда діни ахуалды тұрақты ұстау бағытында бірқатар шаралар атқарылып келеді. Жергілікті мешіттер мен өзге де діни бірлестіктер өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, сенімді ақпарат көздері арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе жастар арасында дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, олардың діни сауаттылығын арттыру – басты назарда. Өйткені теріс ағымдардан сақтандырудың ең тиімді жолы – дұрыс білім беру, түсіндіру және ұлттық-рухани тәрбиені күшейту.
Сонымен бірге ата-аналар мен ұстаздар қауымына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өскелең ұрпақтың бойына имандылықты, адалдықты, адамгершілікті сіңіру – отбасы мен мектептен бастау алуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдары да белсене қатысып, ел ішінде бейбітшілік пен татулықты нығайтуға атсалысуда.
Діндер қауымдастығының бастамалары қоғамдағы татулықты арттырып қана қоймай, рухани құндылықтарды дәріптеуге де септігін тигізуде. Ұлттар мен ұлыстардың достығы, діни конфессиялар арасындағы өзара келісім – еліміздің берік тірегі. Біз әрқашан халықты бірлікке, өзара сыйластыққа үндеп, ұрпақ санасына ізгілікті дарытуды мақсат етеміз.
Осындай игі қадамдар нәтижесінде ғана біз берекесі жарасқан, ынтымағы бекем қоғам құра аламыз деп сенемін. Бұл – әр азаматтың жүрегінде бейбітшілік пен келісім құндылықтарын сақтай білуінен басталатын ортақ парызымыз.
Әділжан БИЖАНОВ,
Исатай ауданының теологы