«Дүкенге бетпердесіз кіргізбеңіз». Мобильдік топ Аққыстауды аралады

Карантиннің алынғаны жағдайдың жақсарғанын білдірмейді. Оған індеттің әлі де болса өршіп тұрғандығы - дәлел.

Тіпті облысымызда кеше алғаш көз жұмған екі азамат тіркелді. Ал, ел арасында сонда да сақтық ережелеріне немқұрайлылық таныту басым.

0

Оған бүгін, яғни, 4-маусым күні Исатай ауданындағы мобильдік топпен бірге кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында көз жеткіздік. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Б.Картмаганбетова, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов, аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Н.Мусин, Аққыстау ауылдық округі және аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен құрылған топ ет, азық-түлік, қажетті тауарлар және киім дүкендерін аралап, түсінік жұмыстарын жүргізді.

0

Рейд барысында дүкендерде санитарлық және шектеу талаптарының өрескел бұзылып жатқанын байқамадық. Рас, есік тұтқаларын жиі дизенфекциялау, едендерді уақытылы жуу, сатылымдағы тауарлардың талапқа сай сақталмауы және орналаспауы секілді олқылықтар байқалып жатты. Кәсіпкерлік нысандарды аралаудағы мақсаттарын түсіндірген мобильді топ мүшелері бұндай кемшіліктердің келесіде қайталанбауын ескертті. Өйткені, қай індет те ең алдымен тазалықтың сақталмауынан тарайды.

– Біз сіздерге түсіндіріп айтудан жалықпаймыз. Талаптарды орындаңыздар. Бұл - халықтың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Ал, егер соған қарамастан, шектеу ережелерін бұзу жалғасатын болса, тиісті шаралар қолданылатынын қаперге береміз, - деді Б.Картмаганбетова дүкен әкімшілеріне қаулыда көрсетілген қағидаларға бейжай қарамауды ескертіп.

Аққыстау ауылының орталығындағы жеміс-көкөніс базарында да тазалық мәселесі қолға алынуы керек пе деп қалдық. Ашық базар болғандықтан, жабынсыз жайылып тұрған сатылымдағы жемістер-көкөністердің бетіне шаң-тозаң түсетіні белгілі. Беті жабылмаған күйі шаңға бөгіп тұрған көкөністерді таза матамен көлегейлеп қоюға не кедергі екенін түсінбедік. Мамандар оған да ескерту жасады. Қорытындысын көре жатармыз.

0406ductn

Байқағанымыз, шектеу талаптарын сақтамау көбіне-көп тұтынушылар тарапынан болып отыр. Мәселен, біз барған дүкендердің көбінен медециналық маскасыз жүрген адамдарды кездестірдік. Бір-екеуінен дүкенге бетпердесіз кіруінің себебін сұрап та көргенбіз. Көпшілігі жанқалтасында тұрғанын айтып таңқалдырды. Мобильді топ мүшелері дүкен иелеріне тұтынушыларды тәртіпке бағынуға шақырып, тіпті талап бұзғандарды кіргізбеуді ұсынды.

0

– Оған сіз құқылысыз. Өйткені, бұл тәртіп қаулыда тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Біз карантин алынғанымен, шектеу шараларының жалғасып жатқанын түсінуіміз керек. Бұның бәрі елдегі ахуалдың ушығып кетпеуі үшін қажет. Бұны айтып тұрған себебіміз, халықтың көп шоғырланатын жерлері - дүкендер. Сондықтан, сіздер де тұтынушыларға неғұрлым жеткілікті деңгейде түсіндіріп отырсаңыздар, аурудың алдын алуға септескен болар едіңіздер, - дейді аудандық кәсіпкеркерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов.

- Халыққа түсіндіру оңай болмай тұр. Көпшілігі талапқа бағынғысы келмейді. Медициналық маскасыз кіретіндер бар. Ескерткенімізбен, әрқайсысы әртүрлі уәж айтады. Барынша талапқа сай жұмыс жасауға тырысып жатырмыз, - дейді «Тұлпар» дүкенінің әкімшісі Гүлбану Рахметова.

Айта кетейік, мобильдік топ түске дейін қажетті тауарлар, маталар, ет, сүт өнімдері мен жеміс-көкөніс бутиктерінде, «Тұлпар» азық түлік, «Береке», «Заңғар» киім дүкендерінде болды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521