Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап шоу» фестивалі өткізілді

«Жалын» мәдениет үйінде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап шоу» фестивалі өткізілді. Мақсаты «Оқитын ұлт жобасы» шеңберінде халықтың кітап оқу  белсенділігін арттыру, кітап және оқуға деген қызығушылығын қолдау, кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған.

Осы фестиваль аясында аудандық орталық кітапханасының бастамасымен ауданымызға белгілі ақын, ардагер мұнайшы, Аққыстау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожантай Сдиховтың алғаш жарық көріп отырған «Шымыр» атты кітабын оқырмандарға таныстыру мақсатында «Адалдық, намыс –ақжолым» деген тақырыпта автормен кездесу шарасы  өтті. Жалпы Қожантай ағамыздың есімін ауданымыздың  патша көңіл қалың оқырманына ежіктеп таныстырып жатудың қажеті шамалы. Осы жердің тумасы жас күнінен қара өлеңді жанына серік етіп, жырдан шашу шашып келе жатқан өңірге белгілі арқалы ақындардың бірі деуге болады. Оның үстіне замандастары, ауылдастары Қожекеңді «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат ретінде таниды. Қашан көрсең де бойлы-сойлы, қазақы киім киген Қожекеңнің қолынан шашақты домбырасы еш түскен емес. Шабыт келсе, аяқ астынан түйдек-түйдек жыр шумақтарын төге салу оған түк емес. Кез келген той-домалақ оның басқаруынсыз өтпейді. Оның бойынан табиғат берген әншілік те, жыр-термешілік те, асабалық та, сал-серілік те, ғибратқа толы өсиет сөз айту да табылады.

Авторлық кездесу форматында өткен шара барысында оқырмандарға Қожантай аға өлең жазуды қай кезде бастағанын, сөз өнерінің қасиетін, суырып салмалық екінің біріне қона бермейтінін, жүректің түбінен шынайы шыққан өлеңге тек рух пен намыс, адалдық қана жарасатынын, кітап шығару ойында болмағанын, кітаптың неге «Шымыр» аталғанын  айта келіп, өзіне тән өршіл өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді. Сондай-ақ ол «Жалғыз маса», «Қара тоқал(сиырға)», «Қара шыбын» секілді әзіл өлеңдері мен толғауға тұрарлық өсиеттерін домбыраға салып әндеткенде, риза болмаған адам қалмады. Бұдан кейін қолжазбаны құрастырып, баспаға әзірлеген ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелері Мұрат Бектенов пен Адайбек Сәдірұлы, С.Сидеғалиев, ардагер журналистер Жайнарбек Бержанов, Мәди Өтеғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Маштахов және басқалар құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесінің мерейін асқақтата түсті. Аудан әкімі Полымбет Хасанов кітап авторы Қ.Сдиховқа Құттықтау хатын табыс етсе, аудандық орталық кітапхана директоры Шынар Мақсотова ескерткіш сыйлық тарту етті. Ал кітапханашы Тоқтагүл Серікқызы автордың «Кітапханашы» өлеңін оқып берді.

 

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521