Исатай аудандық әкімдік соңғы кездері жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын, көкейдегі ұсыныс-тілектерін тыңдауды дәстүрге енгізіп жүр.
Былтыр да аудан орталығында өткен шара газет бетінде жарық көрген болатын. Онда шаруагерлер каналдарды суландыру, шабындық, жайылым жерлерін кеңейту, ауылдың айналасына мал жаймау, құмдағы шаруагерлерге телефон байланысы бойынша көмек беру, мал ауруы сынды өзекті мәселелерді көтерген еді. Өткен аптада аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Болатбек Сисатов қатысып, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын қабыл алды.
Шараға Атырау қаласынан арнайы келген «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қаржылық ұйымы өкілдері лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын алу, кәсіпкерлік нысанын кеңейту немесе кәсіпкерлікті бастау үшін несие алу кезінде кепілдікке жылжымайтын немесе жылжымалы мүліктерді қою секілді мәселелер жайында ақпарат берсе, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Өтегенов аудандағы кәсіпкерліктің дамуы туралы баяндама жасап, бүгінгі күні кәсіпкерлер ұшырасып отырған кедергілер туралы да айтты.
Жиынға қатысушылар тарапынан көтерілген мәселелердің дені каналдарға су жеткізу, теңіз жағасының қамысын өртеу, экологиялық мәселелер төңірегінде болды. Ол мәселелердің барлығына да тұшымды жауап берген аудандық әкімдік өкілдері жуық арада аудан аумағындағы каналдарға, атап айтқанда Дүтбай-Жұмағазы каналына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттардың жасалып жатқанын айтты. Құжаттама жасалған соң каналдардың түбін тереңдету, өсіп кеткен тал-теректерден тазарту, өзек аңғарын биіктету жұмыстары жүргізілмек. Ал, тұрғындар көтергендей, каналдарға суды дәстүрлі жолмен емес, пластик құбырмен жеткізу мәселесі ұсыныс ретінде қабылданғанымен, ол тәсіл шаруашылық үшін тиімсіз болатын түрі бар. Өйткені, қазір дала бойы жылқыға толы, төрт түлікке ішетін су керек, оның үстіне канал бойымен су жүріп тұрса, ол жағалаудың көгеруін және шаң-тозаң, құм көшкінін тоқтатуға септігін тигізері сөзсіз.
Аслан МҰРАТҰЛЫ