«Е-ӨТІНІШ» ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ ЗОР

 

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында маңызды жиын өтті. Атырау облысы әкімінің аппараты өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Жазира Қайырова арнайы іссапармен келіп, ауданның білім, денсаулық сақтау және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерімен кездесті.

Жиын аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмутовтың төрағалығымен өтті. Басқосуда Жазира Қайырова цифрландыру үдерісін жеделдетуге ықпал ететін «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің маңыздылығына тоқталды.

 

 

– Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініш білдіру тәртібін жеңілдетіп, өтініштерді қарау сапасын жақсарту мақсатында «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізді. Бұл жүйе азаматтардың мемлекеттік мекемелерге тікелей электронды түрде өтініш беруіне мүмкіндік береді. Ол үшін Google іздеу жүйесіне «Е-Өтініш» деп теріп, E-otinish.kz сайтына кіру қажет. Кейін «Өтініш беру» батырмасын басып, ЭЦҚ-кілт арқылы кез келген мемлекеттік органға сұрау салуға болады,-деді Жазира Қайырова.

Оның айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің 76-бабына сәйкес, егер заңда басқа мерзім белгіленбесе, өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, үн қатулар және сұрау салулар өтініш келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Сонымен қатар «Е-Өтініш» жүйесі өтініш берушімен кері байланыс орнатуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысының сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жүйе азаматтар үшін өте тиімді.  Кездесу барысында қатысушылар жаңа жүйеге қатысты сұрақтарын қойып, заң аясында нақты жауаптар алды. Жиын соңында Жазира Әлібекқызы мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібін жеңілдететін бұл жаңашылдықтың халық үшін тиімді екенін атап өтті.

 

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT