Еңбегімен елеулі қос ардагер – сайлауда да белсенді

 

Бүгінгі саяси науқан – ел болашағына қатысты шешімнің қабылданар сәті. Бұл маңызды күні ауданы орталығындағы №139 сайлау учаскесінде мұнай саласының ардагері, аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Самат Қабделов жұбайы білім саласының ардагері Күләш Түсекеновамен бірге келіп, өз таңдауларын жасады,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.

Ардагер азамат бұл сайлаудың тек бір күндік науқан емес, ауылдың ертеңіне әсер ететін маңызды сәт екенін атап өтті.

– Бүгінгі таңдау – әркімнің еркін шешімі. Бірақ бұл ерік-жігер ауылдың келешегіне, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр дауыс жауапты. Біз болашақ әкімнен елге адал қызмет етіп, ауылдың дамуына жаңашыл серпін беруін күтеміз,-деді Самат Қабделов.

Ол сондай-ақ қазіргі үкіметтің халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмысына тоқталып, ел ішіндегі тұрақтылық пен дамудың негізі – билік пен халық арасындағы тығыз байланыс екенін атап өтті.

 

 

– Халықтың үніне құлақ түре білетін, тұрғындардың тілегін тыңдай алатын әкім керек. Сонда ғана сенім ақталады. Біз, ардагерлер, әрқашан дұрыс бағыттағы бастамаларды қолдауға дайынбыз. Жаңа сайланатын әкімнің халықпен етене жақын, елге шынайы еңбек ететін азамат болғанын қалаймыз,-деді ардагер ақсақал.

Сөз соңында Самат Қабделов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау саясатын қолдайтынын жеткізді.

– Кадрлық резервте жастардың көп болуы көңіл қуантады. Өйткені елдің келешегі – солардың қолында. Біз олардан тек жаңашылдық емес, елге деген шынайы жанашырлықты да күтеміз, – деді ол.

 

 

Ардақты ақсақал мен ақ жаулықты ананың бүгінгі таңдауы – келер күннің жарқын боларына деген сеніммен үндесіп тұр. Елдің бірлігі мен ертеңіне бейжай қарамай, жауапты сәтте үн қосуы – нағыз азаматтықтың үлгісі.


Еркебұлан УӘЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT