Еңбегімен елге үлес қосқандар марапатталды

Бүгін Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин бірқатар сала мамандарын қабылдап, көпжылдық адал еңбектері мен кәсіби шеберліктері үшін марапаттады. Бұл кездесу – күнделікті көзге көріне бермейтін, алайда ел өмірінің тынысына тікелей әсер ететін мамандық иелеріне көрсетілген шынайы құрметтің айғағы болды.

Салтанатты қабылдау барысында аудан әкімі әр сала қызметкерлерінің қоғам үшін атқарып жүрген қызметінің маңызын атап өтіп, олардың еңбегі қашанда елеусіз қалмауы тиіс екенін жеткізді.

–    Еңбек үнсіз жасалады, бірақ оның нәтижесі елге қызмет етеді. Осындай жауапты салаларда тынымсыз еңбек етіп жүрген азаматтардың маңдай тері – ауданның тұрақты дамуының берік негізі. Бүгінгі марапат – сол адал қызметтің еленіп, еңбектің лайықты бағасын алып отырғанының айқын дәлелі,-деді Нұрым Бекежанұлы.

Салтанатты қабылдау барысында ауданның дамуы жолында өз үлесін қосқан, шаруагер Аспембет Абуғалиұлы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Ал білім саласында ұзақ жылдар бойы табанды қызмет етіп, кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі арқылы әріптестері арасында абыройға ие болған Сағираш Беркалиева ауданның  Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ,  «Жыл үздігі – 2025» мерекелік кешіне отбасылық себептермен қатыса алмаған «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның Су тазарту және тарату станциясының операторы, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету ісінде жоғары жауапкершілік танытып, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген Талғат Гафаров «Үздік сумен қамту қызметкері» номинациясына ие болды.

 

Ал, аудан әкімінің Алғыс хаты ауылды көгалдандыруға қосқанн үлесі үшін, жеке кәсіпкер Ғаділжан Жұмажанұлына табысталды.  


 Сонымен қатар қабылдау барысында аудандық ветеринариялық стансасы директорының орынбасары Әжіғали Науановқа саладағы жауапты қызметі мен кәсіби тәжірибесі де атап өтілді. Зейнеткерлік жасқа толуына орай аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хатын аудандық мәслихат депутаты Жеңісбек Қабиев салтанатты түрде табыс етті.


 Айта кетерлігі, Құрмет грамотасының иегері Сағираш Беркалиеваның педагогикалық еңбек өтілі – 38 жыл, мемлекеттік қызметтегі өтілі – 32 жыл. Оның 30 жылға жуық еңбек жолы аудандық білім бөлімінде өтіп, жетекші маман, бас маман, сектор меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты.

–     Бұл марапат мен үшін үлкен сенім мен зор мәртебе. Ұзақ жылғы еңбектің еленуі – әр маманға рух беретін бағалы сәт,-деді Сағираш Мұқатқызы.

Шара соңында аудан әкімі марапат иелеріне алғыс білдіріп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс пен амандық тіледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT