Аудан спортында бір жыл бойы төгілген тер мен табандылықтың, тынымсыз дайындық пен жеңіске деген жігердің нәтижесі салтанатты түрде сараланды. Ел намысын қорғап, республикалық және халықаралық ареналарда топ жарып жүрген саңлақ спортшылар мен олардың жеңіс жолындағы сенімді серігі – білікті жаттықтырушыларды марапаттау үшін «Спорт саласының жыл үздігі – 2025» атты салтанатты шара өтті.

Жыл қорытындысында үздіктерді аудан әкімі Нұрым Мусин салтанатты түрде марапаттап, алғыс пен құрметке бөледі. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жұмабекұлы чемпиондарға Алғыс хаттар табыстап, жылы лебіздерін білдірді.

Шараның тағылымды сәттерінің бірі – спорт саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге сүбелі үлес қосқан спорт ардагері Роллан Ғалымұлына көрсетілген ерекше құрмет болды. Ол саланың дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Айта кетейік, Роллан Ғалымұлының еңбегі бұған дейін де бірнеше мәрте бағаланған.

Атап айтқанда, 2021 жылы Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің республикалық кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін және Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын иеленсе, 2022 жылы осы салалық кәсіптік одақтың Құрмет грамотасына қол жеткізген болатын. Салтанатты сәтте Асхат Жұмабекұлы ардагердің иығына шапан жауып, дәстүрге сай зор құрмет көрсетті.

Жыл қорытындысы бойынша «Үздік жаттықтырушы» номинациясы дзюдо күресінен жоғары нәтиже көрсеткен шәкірті үшін Тұрар Ризуановқа табысталды. Ол – Индонезияда өткен Азия чемпионатының чемпионы, Бахрейндегі Азия ойындарының қола жүлдегері және Португалияда ұйымдастырылған Еуропа кубогінің жеңімпазы атанған Інжу Жұмажанның жеке жаттықтырушысы. Бұл жетістік кәсіби шеберлік пен тынымсыз еңбектің айқын нәтижесі. Осы спорт түріндегі табыстар жалғасын тапты.

Дзюдо күресінен ел біріншілігінде жүлдегер атанған Анель Серікқали «Үздік олимпиадалық жекпе-жек спортшысы» деп танылды.Бұдан кейін командалық спорт түрлері бойынша үздіктер анықталды.

Ауыл жастарын ортақ мақсатқа ұйыстырып, бірлігімен және тұрақты нәтижесімен көзге түскен «Қамысқала» футзал командасы «Үздік команда» аталымына ие болды. Командалық олимпиадалық ойындар санатында волейболдан ел біріншілігінде жүлделі орын иеленіп, аудан намысын абыроймен қорғаған Таңшолпан Нұрбергенқызы «Үздік олимпиадалық командалық ойын спортшысы» аталымымен марапатталды.

Параспорт саласында да аудан мерейін үстем еткен спортшылардың еңбегі жоғары бағаланды. «Үздік параспортшы» аталымына Аслан Қайрушев лайық деп танылды. Ол биыл Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында, Үндістанның Мумбай қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарып, Болгарияның Албена қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.

Сонымен қатар мемлекеттік қызмет пен спортты қатар алып жүрген азаматтардың жетістігі де ерекше атап өтілді. «Үздік мемлекеттік қызметтегі спортшы» номинациясы Марат Жұмабековке табысталды.

Спорт мектебінің оқушылары, ел чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда топ жарған жас спортшылар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Берілген марапаттар - жасөспірімдер спортына көрсетілген қолдаудың, болашақ чемпиондарға артылған сенімнің белгісі десек болады. Бұл шара спорттағы жеңістің артында тұрған үлкен еңбекті, бірлік пен қолдауды айшықтаған тағылымды жиын ретінде көпшіліктің көңілінде қалды.

Камилла КАКИМҚЫЗЫ


