Еңбек шежіресі – «Жаңа туған ай» оқырманға жол тартты

Суреттер автордікі

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай сөйлеген сөзінде Президент: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген еді. Бұл — тек саясаттың бағдары ғана емес, қоғамның тарихи зердесін жаңғыртатын, еңбек адамын ардақтаудың өміршең тетігі. Осы ойды шынайы болмысымен дәлелдеген тұлғалардың бірі — Атырау облысының үш бірдей ауданының Құрметті азаматы, елге қызмет етудің биік үлгісін көрсеткен, еңбекпен өрілген ғұмыр иесі Жанай Беркалыұлы.

 

 

Қарапайым трактор тізгінінен басталған еңбек жолын мемлекеттік қызметтің биік сатыларына дейін абыроймен жалғап, ұрпаққа өнеге боларлық өмір сүрген Жанай Беркалыұлы туралы тағылымды туынды – «Жаңа туған ай» атты ғұмырнамалық хикаят жарыққа шықты. Кітап авторы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Исатай ауданының Құрметті азаматы, қаламы қарымды қаламгер Сайпеден Сидеғалиев. Таралымы 500 дана болып басылған еңбек – ел есінде қалған көрнекті тұлғаның өмірі мен қызмет жолын шынайы көркемдікпен бейнелеген, құндылығы терең рухани дүние.

 

 

Жуырда Атырау қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен «Жаңа туған ай» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты жиынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті қаламгері Төлеген Жаңабайұлы ашып, жиналған көпшілікті жаңа туындының дүниеге келуімен құттықтады. Ол өзінің кіріспе сөзінде шығарманың мазмұндық құндылығы мен көркемдік құрылымына, автордың жазушылық шеберлігіне ерекше тоқталды.

 

 

Кітаптың тұсауын кесу құрметі бірқатар ел ағаларына берілді. Атап айтқанда, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті композитор, өнертанушы Ілия Жақанов, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Атырау және Исатай аудандарының Құрметті азаматы Нұрпейіс Махашев, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Төкен қажы Танайұлы жаңа туындының маңызын атап өтіп, ақжарма тілектерін жеткізді.

 

 

– Жанай Беркалыұлы секілді елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегелі өмір жолын ұрпаққа жеткізу – біздің басты борышымыз. Бұл кітап – тек естелік емес, ұлттың рухын көтеретін, елдік санаға сәуле түсіретін еңбек,-деді Мұрат Өтешов.

 

 

Кеш барысында сөз алған қайраткер тұлғалар мен әріптес-достар Жанай Беркалыұлы жайлы жүрекжарды лебіздерін білдірді. Атырау және Маңғыстау облыстарының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Төкен қажы Танайұлы мен екі облыстың да Құрметті азаматы, теміржол саласының ардагері Амангелді Селбайұлы кейіпкермен болған жолдастық, қызметтестік кезеңдерін тебірене еске алды.

 

 

– Ол – ешқашан биікке табынбаған, төменді жек көрмеген азамат еді. Сайпеден Сидеғалиевтің «Жаңа туған айын» оқығанда Жанайдың болмысын сол қалпында көріп, жан-дүнием тебіренді,-деді Амангелді Селбайұлы.

Құрманғазы ауданынан сөз алған ауыл шаруашылығы саласының ардагері, «Парасат» орденінің иегері Елемес Абдошев, Индер ауданының Құрметті азаматы Тасқали Темірболат, Исатай ауданынан Зұлбұқар Сүйінішов, Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев те өз естеліктері мен пікірлерін ортаға салып, тұлғаның елге жасаған ерен еңбегіне шынайы баға берді.

 

 

Туынды авторы Сайпеден Сидеғалиев кітапты жазу барысында архивтік құжаттарды ақтарып, ауыл шаруашылығы мекемелерінің мұрағаттарымен қатар, Жанай Беркалыұлының әріптестері мен замандастарынан сұхбат алып, мазмұнды, шынайы материалдар жинағанын жеткізді.

– Жанай Беркалыұлы туралы жазу – мен үшін әрі құрмет, әрі үлкен жауапкершілік болды. Ол – ел ішінде дауыс көтермей-ақ беделге ие болған сирек тұлға. Еңбегімен ғана емес, адамдық болмысымен, кісілік келбетімен дараланған азамат еді. Бұл хикаят арқылы мен кейінгі ұрпаққа еңбекке адалдықпен қызмет етудің үлгісін көрсеткім келді,– дейді қаламгер.

 

 

Жанай Беркалыұлының еңбек жолы Құрманғазы ауданындағы шаруашылықтардан басталып, Махамбет ауданындағы «Тәжірибе стансасына» дейін жалғасқан. Ол Қиғаш пен Еділдің қос жағасын төрт түлік малға толтырып, ауыл шаруашылығының күрделі кезеңдерінде нағыз майдангер ретінде еңбек еткен азамат. Индер ауданындағы «Амангелді», Исатай ауданындағы «Чапаев» пен «Забурын» кеңшарларына жетекшілік етіп, өндірісті өрге сүйреп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлес қосты.

 

 

Ол – сөзбен емес, іспен сөйлеген, ел мүддесі үшін қызмет етудің асыл үлгісін көрсеткен жан. Ел мен жерге сіңірген еңбегінің нәтижесі ретінде Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарының Құрметті азаматы атағына ие болғаны да – халықтың шынайы құрметінің дәлелі.

 

 

Кеш соңында сөз алған Жанай Беркалыұлының ұлы Жасұлан Жанайұлы әке рухына көрсетілген зор құрметке алғыс білдірді.

– Бұл кеш – біздің әкеміздің ғана емес, елге еңбегі сіңген барша азаматтардың рухына тағзым. Кітап – ұрпаққа қалдырылған рухани мұра. Әкеміздің жарқын бейнесін әдебиет арқылы ұлықтаған қаламгер Сайпеден ағаға ерекше алғысымызды білдіреміз,-деді ол тебірене сөйлеп.

 

 

Ұрпақтарының атынан авторға құрмет ретінде ат мінгізіліп, қазақы дәстүр бойынша сый-сияпат көрсетілді. Сонымен қатар, кешке арнайы қатысқан аудандық кітапхана қорына жаңадан жарық көрген кітаптар табысталды.

 

 

Осылайша, «Жаңа туған ай» кітабының тұсаукесері – бір ғана тұлғаға арналған кеш емес, тұтас бір дәуірдің адал еңбекпен өрілген рухани шежіресі іспеттес шара болды. Елге қызмет ету – мәртебе. Ал сол мәртебені лайықты деңгейде атқарған Жанай Беркалыұлы сынды азаматтар туралы кітаптар – ұлт рухын жаңғыртатын, ұрпаққа үлгі болатын мұра. Ендеше, бұл туындының өміршеңдігі де осында.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT