Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, қарапайым еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өткен болатын. Осыған орай, өткен жұма күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімі Нұрым Мусин қоғамдық жұмыстарда қызмет атқаратын әйелдерді қабылдады.
Кездесуде аудан басшысы барлық аналар мен аруларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
– Дана халқымыз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді» дейді. Сондықтан да қазақ әйелі – мәңгіліктің, елдіктің, биіктіктің өлшемі. Елдің дамуында әйелдердің үлес салмағы басым. Сол себепті де өңірімізде әйел-аналарға ерекше құрмет жасалып, оларға зор қолдау көрсетілуде. Сөзімізге дәлел ауданда 86 мемлекеттік қызметші болса, соның 60%-ын әйелдер құрайды. Оның 20%-ы ауылдық округтерде, 30%-ы мәслихат депутаттары, 25%-ы дербес бөлімдерінде қызмет етеді. Бұл дегеніміз әйел адамдардың отбасы ауыртпалығынан бөлек қоғам үшін де білек сыбана өз қолтаңбаларын қалыптастыру үстінде тынбай еңбектеніп жатқандығын айшықтап тұр. Бүгінгі әйел тек отбасының ұйытқысы мен береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекет істеріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі. Алаштың ұлтжанды азаматтары, ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін, тілімізді де, дінімізді де, ділімізді де ана сүтімен санаға сіңіретін, қазақты тәрбиелейтін қыздарымыз. «Бәрі де адамның өз қолында, ал адам әйелдің алақанында» деген қанатты сөз әлемді билейтін де, тербейтін де әйел екенін білдіреді.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған биіктерге жетуіне асыл аналарымыз, ардақты жеңешелеріміз бен апа-әпке, қарындастарымыздың өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп, әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді.
Сіздерге сәттілік пен шаттық көңіл серік болып, лайым ер- азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөлене беріңіздер. Көктем мерекесімен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін,- деді аудан әкімі.
Келесі кезекте сөз алған аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин аналар әркез отбасының алтын діңгегі екенін тілге тиек етті.
– Қазақта «Еңбек етсең еленерсің» дегендей, осы отырған баршамыз еңбектің арқасында абыройға кенелдік. Заманның қиын кезеңі болды. Ол уақытта барлық қажетті зат қолмен жасалатын. Әйел-аналарымыз сол уақытта да шаңырақтың шырағын жағып, берекені молайтып, үйде де, түзде де абыройға кенелткені жасырын емес. Сондықтан қоғамның дамуына атсалысып жүрген қарапайым еңбек адамдарының абыройы қашанда жоғары болуы тиіс. Өскелең ұрпақ та қарапайым жұмысшы адамына құрметпен қарауы тиіс. Қаншама қазақ әйелдері шаңырағын шайқалтпаймын, балаларымды ешкімнен кем қылмаймын деп қарапайым еңбек етіп жүр. Олардың бірі, өздеріңіз секілді көше сыпырса, бірі ауруханада тазалықшы, енді бірі – ауыр сөмкені арқалаған газет таратушы. Міне, біздің мақсатымыз – қазақ әйелінің қанына сіңген еңбекқорлығын, ержүректілігін жырлап, бағалау, қоғамның назарын аудару, – деді ол өз сөзінде.
Қабылдауға келген аналардың атынан қарапайым еңбек адамы Зулпат Мырзағалиева ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
– Біздің жұмысымыз халық игілігі үшін болмақ. Әр жұмыс жауапкершіліктің жоғары болуын талап етеді. Сондықтан таңмен таласа өз жұмысымызды адалдықпен атқарудамыз, бұл бізге үлкен күш береді. Бүгінгі шара –біздің еңбегімізге деген зор құрметтің белгісі. Осындай ілтипат пен қолдау бізге қашанда шабыт береді. Әйелдер тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Бізге көрсетілген бұл құрмет барша жұмысшы әйелдерге көрсетілген құрмет деп білемін», – деген ол бізбен болған әңгімесінде өз әсерімен бөлісті.
Сондай-ақ «Қамқор» қоғамдық қайырымдылық қоры 2000 жылдан демеушілік көмектер есебінен аудан бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларына түрлі бағытта көмектер ұйымдастырып, қолдаулар көрсету тұрғысында қызмет етіп келеді. Осы тұрғыда да қоғамдық қайырымдылық қордың төрайымы Эльза Ақжігітова жылы лебізін білдіріп, аталған қордан қарапайым жұмысшы әйелдерге қаржылай сертификат ұсынды. Бұл сертификат арқылы Аққыстау ауылындағы «Akzhan arzan» дүкенінен киім-кешек сатып ала алады.
Сағыныш ҚАЙЫР