ЕГЕМЕНДІК АЛҒАН КҮН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 25-қазан Республика күні болып белгіленді. Яғни бұл күн бұдан былай республикамыз бойынша Ұлттық  мереке күні болып атап өтілмекші. Осыған орай мереке қарсаңында біз бір топ азаматтармен сөйлесіп, осы төңіректегі ой-пікірлерін білген едік.

Жанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Мырзажан Балпанов: - Иә, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанды Республика күні деп жариялағанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естідім. Әрине, республика күні  аталып өтілуі керек деп ойлаймын. Себебі ата-бабамыздың қолы еркіндікке, егемендікке дәл осы күні жетті. 1991 жылы алған тәуелсіздігіміз 1986 жылы болған желтоқсан оқиғасын амалсыз еске түсіреді. Ол күн – аза тұту күні, тәуелсіздік алуға үлес қосқан батырларымызды ұлықтайтын күн. Менің ойымша, Республика күні егемендігімізді, тарихымызды ұрпақтың санасынан жойып алмау үшін керек. Алғаш рет дәл осы күні біз өзімізді республика ретінде әлемге таныта бастадық. Тәуелсіздікті алуымызға дәл осы күні күшіне енген декларация себеп болғанын естен шығармауымыз маңызды.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин: -Әрине, айтулы дата болғаны абзал. Бірақ мағынасына, мәніне үңілетіндей құндылықтарды халық санасына ұқтырғанымыз жөн. Яғни бұл қаузап отқан Республика күні деген дата сыныққа сылтау іздеп халықтың қазынасынан болмайтын шараға қаражат жарату емес, рухани толысуымыз үшін ғана ұйымдастыруымыз керек. Әйтпесе, бізде мейрам көп қой.

Исатай ауылдық округінің әкімі Аслан Ғұбаш: -Тәуелсіз ел, республика болу жолындағы бабаларымыздың, аға-апаларымыздың қайсарлығы, ерен еңбектерін ескеру -осы Республика күнінде тағы бір мәрте еске алынып, еленеді деп ойлаймын. Маған осы кезде тұтас мемлекетіміздің құрметіне неге бір күнді арнайы арнамасқа деген ой келіп тұр. Оның міне, бүгін жүзеге асып жатқаны қуантады.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Азамат Балмурзин: -Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы – халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім. Әуелі, қоғамның патриоттық сезімін арттыруға сеп болары анық. Әсіресе, елімізге қарата айтылып жатқан негізсіз пікірлер бар кезде осы датаның зор құрметпен аталып өтуі айырықша маңызға ие деп санаймын. Сол үшін бұл күнді Тәуелсіздік күнінен әсте кем етіп және бір күндік іс-шаралармен атап өту қате. Рухани құндылығымызды, қазақы қайсар рухымызды, бай тарихымызды, бабадан қалған даланың мұрагері ретінде алты алашты әлемге таныту арқылы осы тарихи датаның біз үшін қасиеттілігін аша білуіміз, көрсете алуымыз қажет. Сол себепті бұл күннің қажеттілігі мемлекетіміз үшін зор деп санаймын.

Ардагер мұнайшы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектенов: -Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. Дәл осы күні 25-қазанда қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. Бұл – қазақ тәуелсіз мемлекет ретінде танылған алғашқы оқиға. Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күнді мереке етіп өткізу- қазақ халқының қуанышы деп білем.

 

                                                  Дайындаған Аяпберген САЛИХОВ

сурет ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT