"Екі қоянды бір оқпен атып алу"

Жуырда аудан әкімі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңесте көптеген мәселелер талқыланды.

Атап айтқанда, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру мен спорт салаларында жүзеге асырылуы және аудандық ресурстық орталық басшысының есебі тыңдалды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірінші болып баяндама жасаған аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ғ.Қарабалин аудан әкіміне аудандағы құқық бұзушылықпен күрес, оның алдын алу бойынша есеп берді. Оның айтуынша, соңғы үш жылда аудан бойынша жасалған 277 қылмыстың 67-сі 18-29 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі екен. Жылдан-жылға жасалатын қылмыстардың «жасарып» келе жатқанына алаңдаушылық білдірген аудан әкімі оның құрамына да назар аударды. Ғ.Қарабалиннің есебінше, соңғы уақытта темір металының қымбаттауына байланысты темір бұйымдарының ұрлығы көбейіпті. Атап айтқанда, құбырлар, құдықтар қақпағы, техникалардың бөлшек-саймандары көптеп қолды болып жүр.

Сондай-ақ, соңғы кездері ішкі істер бөліміндегі бос жұмыс орындарының ішінде бүгінгі күні бос тұрған 7 бірдей кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға байланысты сауал қойған аудан әкімі бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Бұл сауалға жауап берген Ғ.Қарабалин:

- Жыл басынан бері бірнеше рет облыстық ішкі істер департаментіне кадрлық сұраныс жіберілгеніне қарамастан мамандар келмей тұр.

Аудандық ішкі істер бөлімі де өз кезегінде бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысып және көрнекі құралдар, БАҚ арқылы жастарды жұмысқа шақырғанымен нәтиже төмен. Өйткені, жастар соңғы кездері полиция қатарында қызмет етуге құлықсыз. Жаңадан қызметке араласқан маманның өзі қолына 100 мың теңгеден аса еңбекақы алса да, сұранысқа ие болмай тұрған кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар құрап отырған бос жұмыс орындарының жартысын жыл аяғына дейін толтырамыз деп уәде берген ЖПҚ басшысының орынбасары бұл бағытта тағы да жұмыстанатынын жеткізді. Аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Б.Төлегеннің баяндамасынан соңғы 3 жылда денсаулық сақтау саласының 17 жас маманмен толықтырылғанын білдік. Биыл жас мамандарды ауылдық жерге тарту мақсатында медициналық университеттермен алдын ала келіссөздер жүргізіліп, қазіргі таңда 8 жас маманмен келісім шарт жасалынған екен. Келгелі тұрған мамандар ауданымызға қазіргі кезде өте қажет болып тұрған 4 жалпы тәжірибе дәрігері, 2 акушер-гинеколог, 1 педиатр, 1 терапевт деп күтілуде. Олардан бөлек, Ақтөбе және Түркістан облыстарынан қосымша 2 маман келуі керек. - Оларға алдағы уақытта аудандық бюджетке байланысты баспана алу үшін «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы шеңберінде қаражат бөлінетін болады, - деді аудан әкімі.

Білім беру саласы да жыл санап жас мамандармен толығуда. Соңғы 3 жылда аудан мектептері 51 жас маманмен толыққан. Алайда, әлі күнге дейін физика, математика, ағылшын тілі, орыс тілі, дене тәрбиесі, химия, музыка пәндерінің мұғалімдері жеткіліксіз. Осыған байланысты кейбір мектептерде зейнеткер мұғалімдердің күшімен қажеттілік қанағаттандырылып отыр екен. Бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген аудан әкімі бүгінгі күні жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған 43 педагогикалық кадр-ларды сұраныстағы 31 маманның орнына қызметке алу үшін мүмкіндігіне сай қайта даярлау курстарынан өткізуді жүктеді.

Аудандық білім бөлімінің басшысы А.Бекішұлының сөзінше, биыл жұмысқа 5 жас маман келеді деп күтілуде екен. Келген жас кадрларды ауданға тұрақтандырып қалу, мамандардың құрамын жасарту және кадр тапшылығын жою үшін жас мамандарға «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы аясында баспана алу үшін несие беру мүмкіндігін қарастыру туралы аудан әкіміне ұсыныс енгізілді.

Дене шынықтыру және спорт саласы бойынша бірнеше жыл қатарынан ауданға келіп жатқан жас мамандарға біржолғы көтерме ақы, «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша баспана алу үшін несиелер беріліп келеді. Жалпы спортшылардың жағдайлары жақсы, қызметтері бірқалыпты, алайда, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Ибрагимовтің сөзіне сәйкес, көрші Батыс Қазақстан облысынан Исатай ауданына қызмет жасау үшін қоныс аударуға тілек білдіріп отырған мамандар бар көрінеді. Көбісінің жұбайлары дәрігер немесе мұғалім екен. Егер «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша келетін мамандарға баспана алу мүмкіндігі пайда болса, «екі қоянды бір оқпен атып алуға» мүмкіндік мол. Бұл ұсынысқа қолдау білдірген аудан әкімі М.Мурзиев ауданға келуге, алайда, келіп қана қоймай, бел шешіп, шын ықыласпен қызмет еткісі келетін мамандарға жергілікті билік тарапынан әрқашан қолдаудың болатынын жеткізді.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Г.Талғатқызы берген мәліметке сәйкес, қазіргі таңда жастар саясаты саласындағы қоғамдық-саяси ахуал - тұрақты. Соңғы үш жылда ауданда жастар саясатының құрылымдық жүйесі толығымен қалыптасқан. Аудан халқы 28170 адам болатын болса, жастар саны оның 28,4 пайызы немесе 8000 адамды құрап отыр.

Өткен жылы жастар саясатын жүзеге асыру ісінде жастарға экологиялық тәрбие беру, жастарды ұлтжандылыққа баулу, олардың бойында мейірімділік ұялату бағытында және діни экстремизмнің алдын алу, құқықтық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 60-қа жуық іс-шара өткізіліп, 4000-нан аса жас қамтылыпты.

Жастар арасындағы жұмыссыздықты болдырмау бағытында да былтыр-8, биыл 3 әлеуметтік жәрмеңкелер өткізілген.

Үстіміздегі жылдың жарты жылында «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының теологтарымен бірлескен 15-ке жуық шара ұйымдастырылған.

«Жасыл ел» студенттер жасағына да биыл Исатай ауданына 200 орын бөлініп, қазіргі кезде барлық округтерге бөлінген жастар жұмыстарын жасап жүр. Өз ісімен айналысқысы келетін, жеке кәсібін ашқысы келетін жастарға да аудандағы кәсіпкерлік тиісті мекемелер арқылы қажетті ақпараттар беріліп, тренингтер ұйымдастырылып жатыр. Сайып келгенде, жастар үшін қазіргі уақытта барлық бағытта жұмыстар қарқынды. Олардың бос уақытын тиімді пайдалану, жағымсыз іс-әрекеттерге бармауын болдырмау бойынша да мүмкіндігінше жағдайлар жасалып жатыр. Әйтсе де, соған қарамастан, жасөспірімдер арасында теріс әрекеттерге баратындар тыйылмай тұр. Бәлкім бұған себеп ауданда ювеналды полицейлердің жетіспеушілігі шығар, кім білсін?..

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT