Экономикамыздың күретамыры

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай институты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының көрнекі көрінісі. Ол азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы көпір қызметін атқарады. Құрылтайдың арқасында азаматтық қоғам өз бастамаларын ұсынып, жақын болашақтағы мемлекеттік саясатын қалыптастыруға ықпал етеді. Құрылтай халықтың талап-тілегін уәкілетті мемлекеттік органдарға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі қоғамда көптеген өткір мәселелер бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы – ел экономикасын көтеруде  маңызды рөл атқаратын басты мәселе –халықаралық автомобиль жолдарын заман талабына  сай  қайтадан жаңғырту.  Бұл міндет әрдайым күн тәртібінен түспей келе жатыр. Осыған байланысты Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырма жүктеді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын арттыру өте маңызды мәселе болып отыр.Осыған орай ол 12 мың шақырымға жуық жол жөнделетінін айтты.Одан бөлек, Үкімет тағы да 2,5 мың шақырым жолдың сапасын арттыруды жоспарлағанын хабарлады. Әсіресе, жергілікті маңыздағы жолдар мен елді мекендер ішіндегі жолдардың сапасы бойынша сұрақ көп. Себебі жергілікті жолдардың сапасына қатысты мәселелер еліміздің барлық өңірлерінде өзекті.

 Дегенмен, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш өте төмен және шұғыл шаралар қолдануды талап етеді. Атап айтатын болсақ, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында жолдардың сапасы мүлдем төмен. Бұл облыстарда қанағаттанарлық емес күйдегі жолдардың үлесі өте жоғары және келесі көрсеткіштерге ие: Батыс Қазақстан – 56%, Атырау – 28%, Ақтөбе – 28%, Солтүстік Қазақстан – 19%, Қызылорда – 18%. Сонымен қатар, елімізде жергілікті маңыздағы жолдардан тыс республикалық маңыздағы жолдардың бірқатар учаскелері заманауи талаптарға сәйкес келмейді және қазіргі ахуалы сын көтермейді. Мысалы, «Атырау-Астрахан», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» және т.б. Нәтижесінде елімізде автокөлік жолдарындағы апаттылық өте жоғары деңгейде болып отыр.

Атап айтатын болсақ, 2023 жылы елімізде 15 мың жол апаты орын алып, оларда 20 мың адам жарақат алса, 3 мың адам мерт болған. Әрине, жолдар сапасының нашарлығының апаттылықтан басқа да әсерлері көп. Біріншіден, автокөлік жолдары желісінің сапасыздығы еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыруға тікелей кедергі келтіреді. Екіншіден, өңірлер ішіндегі, сондай-ақ, өңірлер арасындағы көліктік байланыстылықты орнатуға толықтау мүмкіндік бермейді. Яғни, халықтың мобильділігін төмендетеді, тасымалдау шығындарын едәуір арттырады. Республикалық және жергілікті маңыздағы жолдармен қатар маңызды мәселелердің бірі – ол елді мекендер ішіндегі жолдардың ахуалы. Мысалы, қалалар ішіндегі жолдар ұзындығы 27 мың шақырымнан астам қашықтықты құраса, соның 8 мың шақырымы немесе 29%-ы қанағаттанарлық емес ахуалда.

 Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Ауылдар ішіндегі 61,5 мың шақырым жолдардың 23,5 мың шақырымы немесе 38,2%-ы қанағаттанарлық емес күйде. Айтылған мәселені шешу үшін салада бірқатар шаралар қабылдау керек. Біріншіден, жол салу жұмыстарына біліктілігі бар, жобаны орындау үшін барлық құрал-жабдықтармен қамтылған жауапты компанияларды тарту қажет. Екіншіден, елімізде жол салуға қажет техника мен материалдар өндірісін дамыту қажет. Тек отандық өндіріс пен материалдар жеткілікті болған жағдайда жол салу құнын азайтуға болады. Үшіншіден, ең басты мәселе, жол құрылысындағы бақылауды күшейту қажет. Көп жағдайда сапасыз салынған жолдардың басты себебі дұрыс бақылаудың болмауы болып саналады.Сондықтан халықаралық жолдарды жақсарту туралы Ұлттық құрылтайда Президентіміздің үлкен мәселе көтеруі өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені, еліміздің әлеуметтік-экономикасының дамуы жолдарымыздың жақсаруына тікелей байланысты екені даусыз. Себебі халық «Жол –экономикамыздың күретамыры» деп бекерден-бекер айтпаса керек.

                                                                           

Боранбай ХАЛИДУЛЛИН,

ардагер мұнайшы,

ауданның Құрметті

 азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521