Экономиканы әртараптандыру – тұрақты дамудың кепілі

 

Президенттің Жолдауында айтылғандай, қазіргі жағдайда экономиканы әртараптандыру – еліміздің стратегиялық дамуының ең басты бағытының бірі. Әсіресе, әлемдік нарықтағы құбылмалы ахуал, геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық экономикалық өзгерістер Қазақстан экономикасының бір ғана салаға тәуелді болмауын талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы өнім өндіру – бірінші кезектегі міндет.

Экономиканы әртараптандыру тек жаңа өндіріс ошақтарын ашу емес, сонымен қатар терең өңделген, қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беру арқылы отандық өндірісті жаңа деңгейге шығару деген сөз. Бұл өз кезегінде экспорт көлемін арттырып, елдің валюталық түсімін көбейтуге, сыртқы саудадағы тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бұл үдерісте инновация мен цифрлық технологиялардың рөлі ерекше. Озық технологияны енгізу өнім сапасын арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін ұлғайтады, заманауи өндіріс орындарының құрылуына жол ашады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, кәсіби кадрлар қалыптасады, осылайша еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да оң әсер етеді.

Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру – тек экономикалық өсімнің емес, ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздіктің де кепілі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс. Президенттің осы салаға баса назар аударуы – мемлекетіміздің болашаққа нық қадам басуына бағытталған маңызды қадам.

 

Асқар АБУОВ,

Нарын ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT