Иммунопрофилактика-инфекциялық аурудан қорғану үшін, вакцина арқылы жасанды иммунитет қалыптастырудың бір түрі болып табылады.
Вакцина- дегеніміз не? Вакцина белсенді иммунитетті қалыптастыру арқылы,нақты бір ауру қоздырғышына арнайы ағза төзімділігін, яғни иммунитетті құруға тірі, өлтірілген, әлсіздендірілген арналған микроағзалар немесе олардың өнімдері болып табылады.
Алдын алу шараларының кешені көптеген аурулардың пайда болуына жол бермейді. Бірқатар кеселдерден вакциналау арқылы қорғануға болады. Бұл жағдайдағы ең бастысы – қай кезде қандай екпелерді салу керектігін білу.Ең әуелі белгілі бір тұрғындар тобына арналған міндетті екпелердің барлығының жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен тегін салынатынын білгеніңіз жөн. Жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы жоспарлы егу төмендегі тұрғындар тобына жүргізіледі:
Екпе күнтізбесі бойынша:
- жасы профилактикалық егуді жүргізудің белгіленген мерзіміне сәйкес тұлғалар
- жұқпалы аурулардың табиғи ошақтарында тұратын, жұмыс істейтін тұрғындар (көктемгі-жаздық кене энцефалиті, түйнеме, туляремия, оба);
- кәсіби қызметінің түрі бойынша қатер тобына жататын тұлғалар:
- медицина қызметкерлері («В» вирусты гепатиті, тұмау);
- кәріз және тазарту қондырғыларының қызметкерлері (іш сүзегі);
- өзінің денсаулық жағдайына байланысты қатер тобына жататын тұлғалар:
- ағзасына қан құйылған ( «В» вирусты гепатиті);
- медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар (тұмау);
- медицина қызметкерлері,балалар үйінің, сәбилер үйінің балалары, қарттар үйінің тұрғындары (тұмау);
- кез келген жануардың қабуына, түкірік шашуына душар болған тұлғалар (құтыру);
- тері жабындары мен шырышты қабықтардың бүтіндігінің бұзылуына байланысты жарақат, зақым алған тұлғалар (сіреспе);
- жұқпалы ауруларға шалдығу деңгейі жоғары аймақтарда тұратын тұлғалар; оларды вакциналау эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі ( «А» вирусты гепатиті, тұмау, қызылша, қызамық, індетті паротит).
Балаларға салынатын екпелер
Бала ағзасының «екпелік аурумен» жеңіл түрде ауырып тұруға, сөйтіп бөгде дене қорғаныс заттарын қалыптастыруға дайын болатын сәтін дөп басудың маңызы зор. . Балаларға арналған екпені отандық және шетелдік вакциналармен жүргізуге болады, бастысы, олар тіркеліп, емдік дәрі-дәрмектердің, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың ұлттық сараптама орталығының сертификаты берілген болуы тиіс.
Екпені медициналық мекемелердің арнаулы кабинеттерінде жүргізген абзал, өйткені вакциналар сақтаудың белгілі бір ережелерін талап етеді.Түрліше вакциналардың жанама әсерлері мен асқынулары әр түрлі болып келеді. Қызудың орташа деңгейде көтерілуі, инъекция орнының ауыруы секілді реакциялар айтарлықтай жиі кездеседі. Балалар ұзақ жылап, олардың тәбеті төмендеуі әбден мүмкін. Екпе жүргізілгеннен кейін баланың, айталық, тітір пайда болған жағдайда жылдам медициналық жәрдем алуы үшін, кемінде 30 минуттай бақылауда болғаны дұрыс. Сырттан болған факторларға қарсы күресу қабілеті, вакцина алған адамдарда иммунитет жоғары болады. Осыны әрбір адам естен шығармау керек.
Аталған тақырып бойынша Махамбет ауданында 2022 жылы 24-30 сәуір аралығында «Барлығына ұзақ өмір!» Еуропалық иммундау апталығы өткізілді. Иммундаудың маңыздылығы туралы медициналық қызметкерлерге семинар өткізіліп, ата-аналарға сауалнамалар жүргізілді.
Махамбет аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы
Қабазова Сара Үмбетқызы
Сурет: ашық дереккөз