ЕКПЕГЕ ЕНЖАР ҚАРАМАЙЫҚ!

Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында  аудан әкімі Нұрым Мусиннің төрағалығымен кеңейтілген  аппараттық мәжіліс өтті. Бұл жиынға ауылдық округ әкімдері, мектеп  және балабақша директорлары, дербес бөлім басшылары қатысты.

Алғашқы болып сөз алған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бақтыгүл Қартмағанбетова өткен жылдың эпидемиологиялық қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, аудан көлемінде бірқатар жұқпалы аурулар – сал, сіреспе, қырылдауық, оба, тырысқақ, іш сүзегі, қылау, жіті вирустық гепатит (А, В, С, D, Е), бруцеллез және босанғаннан кейінгі асқынулар тіркелмеген. Бұл – қуантарлық жайт. Алайда алаңдауға негіз жоқ емес.

 

– Қауіпті дерттің алдын алудың ең тиімді жолы – екпе алу. Дегенмен бұл мәселеде немқұрайлылық танытып жүргендер көп. Кейбір ата-аналар балаларының вакцинация мерзімін өткізіп алып, кейін тіпті салдырмайды. Өткен жылдан бері осындай балаларды толықтай иммундау мақсатында қосымша вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Әр балаға жеке екпе күнтізбесі жасақталып, тиісті шаралар қолға алынған. Бірақ жыл қорытындысы көрсеткендей, Аққыстау және Тұщықұдық, Жанбай, Нарын, Исатай  округтерінде бұл жұмыс жоспарға сай орындалмай отыр,-деді ол.

 

Келесі болып сөз алған аудандық аурухана директорының уақытша міндетін атқарушы Нұргүл Кабулова түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанын атап өтті. Дегенмен кейбір округтерде екпе алу көрсеткіші жоғары болғанымен, енді бірінде мүлде қозғалыс жоқ. Бұл – ойлантарлық мәселе.

 

Жиын соңында аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдері мен білім беру ұйымдары басшыларына екпе жұмыстарына ерекше мән беруді тапсырды.

– Бұл – жай ғана статистика емес, халықтың денсаулығы. Біз екпеге енжарлық танытып, ертеңгі қауіп-қатерге жол бермеуіміз керек. Сондықтан ауылдық округ әкімдері, мектеп және балабақша директорлары бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Бұл – ортақ міндет! -деп қадап айтты аудан басшысы.

Мәжіліс қорытындысы бойынша нақты хаттамалық тапсырмалар жасақталып, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР,

сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT