Екпеге енжарлық, асқынған ауру эпидахуалды етектен тартпаса игі

Жұқпалы аурулардың алдын алу, ол үшін онымен күрес жұмыстарын қай кезде де талапқа сай жүргізіп отыру – эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты болуына басты себепші болмағы белгілі жайт. Бұл жұмыс ауданда қалай жүргізіліп отыр, жалпы эпидемиологиялық ахуалымыз қандай, оның тұрақтылығы сақталып тұр дегеннің өзінде ескере жүрер жайттар бар ма? Осы және өзге де саулдарымызға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, аудандық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Бақытгүл Самиғоллақызы Қартмағанбетова жауап берді.

 - Бақытгүл Самиғоллақызы, бұл жылдың да соңғы айлары өтіп жатыр. Осы уақытта қалыптасқан дәстүр бойынша өткен тоғыз ай, яғни үш тоқсан бойынша әр саладағы іске сараптамалар да жасалынып болатыны белгілі.  Сол сараптама бойынша аудандағы жалпы эпидемиоогиялық жағдай қалай болды?

- Біз жалпы жұқпалы аурулардың нозологиясына ай сайын статистикасын жасап отырамыз. Бұл ретте жалпы вакцинамен басқарылатын жұқпалы ауруларға келетін болсақ, аудан көлемінде эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағаланады. Тоғыз айда көкжөтел, қызамық, сіреспе, эпидемииялық паротит, қырылдауық, іш сүзегі мен қылау, вирусты гепатит С, бруцеллез, босанғаннан кейінгі асқынулар, хирургиялық және терапиялық араласу асқынулары, ЖИТС (СПИД), эхинококкоз, қотыр,  микроспория сияқты жұқпалы аурулар, Менингококк жұқпасы тіркелген жоқ. Жіті ішек аурулары (нақтыланбаған бактериялық ішек жұқпалары) -  өткен жылдың осы кезеңінде де, биылғы тоғыз айда да тіркелген жоқ.

Аудан көлемінде, өткен жылмен салыстыра қарағанда, биыл «А» вирусты гепатит 1 жағдайға, скарлатина 1 жағдайға, желшешек ауруы 4,1 есеге, қышыма 2 жағдайға, аскаридоз 2 жағдайға өсіп отыр.

Жалпы, жіті вирусты гепатит аурушаңдығының «А» вирусты гепатит түрі, жоғарыда айтылғандай, барлығы 1 жағдай тіркелді, 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 3,7 құрады, бұл 2021 жылдың 9 айында тіркелмеген болатын. Аудан бойынша паразитарлық аурулардың эпидемиологиялық ахуалы бірқалыпты. Алайда, биылғы 9 айда ауданда паразитарлық аурушаңдық, оның ішінде педикулез, қышыма (чесотка), аскаридоз 2 жағдайға өсіп отыр, 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 7,4 құрады. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 4 жағдай тіркелді.

Ауа тамшылы жолмен жұғатын жұқпалы ауруларға келсек, әлгінде айттық, скарлатина 1 жағдайға, желшешек ауруы 4,1 есеге өсіп кетіп отыр. Оның ішінде 80 пайызы ұйымдасқан ұжымдарда (балабақша, мектеп), 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. Тоқтала кетуіміз керек бір жайт, біздің елімізде желшешекке қарсы вакцинациялау шарасы ресми түрде жүргізілмейді. Желшешек ауруының алдын алу шарасы бөртпе пайда болған  балаларды оқшаулау және ұйымдасқан ұжымдарда желшешек ауруының белгілері пайда болу жағдайларында карантиндік шараларды қатаң сақтау болып табылады.

Барлық инфекциялық және паразиттік аурулар ошақтарында індетке қарсы, яғни алдын алу іс-шаралары ошақта дер кезінде кешенді іс-шаралар жоспарына және қолданыстағы санитарлық ережелерге сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлескен тұрғыда уақытылы жүргізілді.

 

-Жалпы жұқпалы аурулардың түрі көп, оның біразын өзіңіз де айтып өттіңіз. Соның іщінде өте қауіпті саналатын оба, тырысқақ, құтырма сияқты аурулар да бар ғой. Туберкулез де көп жылдардан бері күресіп келе жатқан дертіміз.

- Сіз айтып отырған аса қауіпті карантиндік жұқпалы аурулар – оба, тырысқақ, құтырма адамдар арасында тіркелген жоқ. 

Ал өткен 9 айда туберкулездің 7 жаңа жағдайы тіркеліп, көрсеткіш 28,2 болды, аурушылық өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда төмен, ол кезде 11 жаңа жағдай тіркеліп, көрсеткіш 43,6 болған-ды. Облыстық деңгейден төмен. Нақтылай кетейін, биыл жасөспірімдер мен балалар арасында туберкулез жағдайы тіркелген жоқ. Ауданда туберкулез аурушылығынан Аққыстау ауылдық округі бірінші орында тұрғанын да айтуымыз керек.

Аурушылық деңгейі төмен болғанымен, табылған науқастардың ішінде үйінде ауырып жатып қалып, өзі медициналық көмекке жүгінгенде (обращение) ғана табылу, ыдырау сатысында табылу жаңа жағдайда да, қайталап аурушылықта да жоғары болып отыр. Мысалы, осы жаңадан ауырғандардың 85,7 пайызы, қайталап ауырғандардың 50 пайызы ауырып, өздері медициналық көмекке жүгінгенде анықталған. Бірден қаралмай, 2-3 айлап ауырып жату жағдайлары да бар.

Өкінішке орай ауырып үйде жатып қалғандықтан дерті асқынып, таяқша бөлу, ыдырау сатысына дейін жету жағдайы өсіп кетті. Сондықтан тұрғындарға, мүмкіндікті пайдаланып, тағы да  әлсіздік, жөтел, қызумен үйде жатып қалмауға, шұғыл түрде дәрігерге қаралып, уақтылы флюоротексеруден өту керектігін аудандық газет бетінде де, әлеуметтік желілер арқылы да, тұрғындармен кездесулерде де айтып келеміз, ауылдастардың сол талапты ескерулерін тағы да еске сала кеткім келеді.

Аса қаіпті карантиндік жұқпалы ауру санатындағы құтырма ауруы бойынша өткен 9 айда жабайы аңдардың адамдарға, ауылшаруашылық және үй жануарларына шабуыл жасауы көбейіп отыр. Өткен жылдың 9 айында адамдарға үй жануарларының шабуыл жасап, қапқаны туралы 16 жағдай тіркелсе, осы жылдың 9 айында осындай 21 факті тіркеліп отыр, яғни 4 жағдайға жоғары. Оның ішінде бала -12. Иесі белгілі ит, мысықпен жарақат алу жоғары, 57,1 пайыз,  жабайы түлкімен жарақаттану-1.

Адамдар арасында құтырма ауруы бойынша эпидемиялық ахуал тыныш десек те, ауру малмен қарым-қатынаста болған  адамдардың антирабикалық көмекке келмеу, екпе алудан бас тарту жағдайлары кездесіп қалып отыр. Құтыруға қарсы екпе алудан үзілді-кесілді бас тартып отырғандарға бұл аурудың қауіптілігін, ең бастысы, ауру басталмай тұрып емін алмаса емдеп жазылмайтынын, соңы тек өлім екенін тағы да ескертеміз. Қабаған итті торда ұстау деген ереже де сақталмайды, осындай ит иелері жөнінде аудандық ішкі істер бөліміне 12 материал жіберіліп, 10 тұрғынға аталған бөлім тарапынан шаралар алынды, бірақ ештеңе өзгермей отыр. Бір иттің қайталап қауып алу фактісі бар. «Бала өзі келді» деген сылтау айтылады, егер  ит қоршауда, байлаулы тұрса оған бала жақын бара алмайды ғой. 

Аудан бойынша биылғы ақпан айында жабайы жануарларды (ит, мысық) аулауға, жоюға қаражат бөлініп, ит-мысықтарды ату, аулау жұмыстары жыл басында жүргізіле (ит-81, мысық-42) бастаған болатын, алайда 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» №97-VII ҚР заңы шығып, ол заң 2022 жылы 2 наурыздан күшіне енуіне байланысты қазіргі таңда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау тоқтап тұр.

Сондай-ақ, бруцеллез ауруының мал арасындағы 8 жағдайы тіркелді. Өткен жылы 4 бас мүйізді ірі қара малы жеке тұрғындардың малдарын бруцеллезге тексеру кезінде ауру белгісімен анықталған болса, биыл сол иесі белгілі ауылшаруашылық малдардан қайталап бруцеллез ауруына тексергенде 8 бас мүйізді ірі қара малы оң нәтижемен анықталды. Осы жылы да адамдар арасында аурушылық болмағанымен, бір ошақтардан ауру малдың анықталуы  тоқтамай тұр.

- Адамдар көптеген аурулардан қарсы профилактикалық екпемен қорғалатындығы белгілі. Сол екпенің бүгінгі  жайы нешік болып отыр?

- Дұрыс айтасыз. Иммунопрофилактика арқылы басқарылатын қызылша, көкжөтел, қызамық, сіреспе, эпидемиялық паротит, қырылдауық, тағы басқа да ауа тамшылары арқылы таралатын инфекциялар тіркелмегенімен, қалыпты эпидемиологиялық тыныштықты сақтап тұру үшін әр жастағы балалардың екпемен 95-100 пайыз қамтылуының,  ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор деп айтып жүрміз. Осы 9 ай қорытындысымен 1 жасқа дейінгі балаларды қамту қалыпты болғанымен, 2 жасқа дейінгілерді көкжөтелге, сіреспеге, қырылдауыққа, гемофилді жұқпаларға қарсы жоспарлы екпемен қамту төмен, яғни тиісті балалар қамтылмады. 16 жастағыларды қырылдауыққа, сіреспеге қарсы егу көрсеткіші де өте төмен орындалды. Соңғы жылдары басталған екпеден бас тарту жалғасып келеді. Кешегі қыркүйек айында мектеп партасына отырған 6 жастағы балаларға туберкулез инфекциясына қарсы қайталап егу (ревакцинация)  Манту сынамасы арқылы  жүргізілді. Аққыстау ауылынан алуға тиіс баланың 9,4 пайызы бас тартып, Манту сынамасын алмаса, Манту алып, дені сау болып анықталған, екпесін алуға тиіс баланың 8,5 пайызы одан бас тартып, екпесін алмады. Перзентханадан екпе алмай шығу да жалғасуда. Жалпы, туберкулездің аса қауіпті жұқпалы ауру екенін, екпе алу одан қорғайтын бірден-бір жол екенін әркім де ұмытпауы керек. Мәселен, қызылша ауруы бойынша 2019 жылы 83 жағдай тіркелсе, жаппай вакцинациялаудың көмегімен қазіргі уақытта қызылша ауруымен аурушылық тіркелген жоқ. Қолайлы эпидемиологиялық жағдай деп бағаланып отыр.

Осы жұқпалы ауруларға қарсы екпелер жыл бойына үзіліссіз жүргізіліп келеді. Дүниеге келген сәбилер перзентханада БЦЖ, ВГВ екпелерін алады. Ауданда Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес одан әрі балаларға белгілі бір жұқпалы ауруларға қарсы жасына қарай профилактикалық екпемен қамту жүзеге асырылады. Екпемен қамту көрсеткіші оптимальды деңгей аясында жүргізілуіне бақылау жасап отырамыз. Жалпы, өз тарапымыздан ата-аналарға айтатынымыз, балаларыңыздың денсаулығын қорғауды ойласаңыздар жұқпалы аурулардан ерте сақтану үшін, мүгедектікке жол бермеу мақсатында жоспарлы салынатын екпеден бас тартпаңыздар! Барлық иммундауға қатысты толғандырған сұрақтарыңыз болса біздің басқармаға хабарласып болмаса жергілікті емханадан кеңес алуларыңызды сұраймын.

Сонымен қатар табиғаттың күз мезгілі жетуімен ауа райы салқындағаны, сонымен бірге ЖРВИ, тұмау маусымының басталғаны да барлығымызға белгілі. Соған байланысты тұмау ауруы, одан сақтану жолдары туралы аудан айнасы – «Нарын таңы» газеті бетінде, әлеуметтік желідегі басқарманың фейсбук, инстаграмм парақшаларында тұрғындар арасындағы түсінік жұмыстарын жандандыра түсу мақсатында қажетті ақпараттар жариялап отырмыз. Айта кетуіміз керек, тұмау 3 жасқа дейінгі балаларға, 60 жастан жоғары жастағы қарт адамдарға және созылмалы ауруы бар науқастарға айтарлықтай қатерлі. Тұмаудан қорғанудың тиімді тәсілдерінің бірі екпе егу болып табылады, ол асқыну және өлім қатерін едәуір төмендетеді.

- Көңілді күпті қылатын бір дерт коронавирус қой, аудандағы жағдай қазір қалай қалыптасып отыр, бұл жөнінде не айтасыз?

- Коронавирус инфекциясының эпидемио-логиялық жағдайы күні бүгінге тыныш десек те, ұжымдық иммунитетті жойып алмау үшін оған қарсы вакцинация, ревакцинация жүргізудің маңыздылығы жоғары болып қалып отыр. Коронавирус инфекциясының пандемиясы әлі аяқталған жоқ. Сондықтан вакцинация мен ревакцинацияның пайдасына дұрыс таңдау жасау керек. Бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды ұстап тұруға өз септігін тигізеді.

Сонымен қатар бұл бағыттағы санитариялық-эпидемиологиялық профилак-тикалық шараларды да ұмытпауға шақырамын. Себебі, қарапайым сақтық шаралары тек КВИ-дан емес, барлық инфекциялық аурулардан, ауа тамшылары арқылы таралатын вирустардан қорғануға көмектеседі.

- Осы кезге дейін аурулардың, соның ішінде өзіңіз айтып отырған жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарында біраз мәселелер көтердіңіздер. Байқағанымыздай, халықты флюорографиялық тексерумен қамту, жоғарыда өзіңіз айтып өткен Манту сынамасының орындалуы өзекті жаттар болып отыр. Одан басқа да өзекті жайттар бар ма?

- Негізінен өзіңіз айтып отырған мәселелер деуге болады. Биылғы 9 ай қорытындысымен туберкулез ауруын ерте анықтау бағытындағы халықты флюоротексерумен қамту төмен, 10853 адам тексеруден өтуі жоспарланғанымен, 9223 адам немесе  84,9 пайызы қамтылды. Жанбай ауылдық округінен жоспарланған халықтың - 77,0 пайызы, Исатай ауылдық округінен -  79,5 пайызы, Зинеден ауылдық округінен 69,4 пайызы қамтылды. Соның ішінде қауіпті топтағылардың флюорографиямен қамту жоспары Жанбай ауылдық округі бойынша - 60,4 пайызға, Тұщықұдық ауылдық округі бойынша - 63,8 пайызға, Зинеден ауылдық округі бойынша - 69,3 пайызға, тұтас аудан бойынша алғанда 72,2 пайызға орындалып отыр.

Өкпедегі кез келген қалдық іздерімен есепте тұратындарды флюорографиялық тексеру 70,8 пайыз қамтылған, оның ішінде Жанбайда - 54,9 пайыз, Тұщықұдықта 63,8 пайыз қамтылған. Негізгі себеп – стационарлық флюороаппараттардың жұмыс істемеуі, соңғы айда жылжымалы аппарттың өзі күнге шектеулі 35 адам қабылдап, участоктен шақыртылып келген адамдардың түсе алмай кету жағдайлары болды. Аудандық емханада компьютерлік «Проскан» флюороаппараты әлі жұмыс жасамайды. Көшіріліп әкеліп, бөлек бөлмеге орнатылған ескі аурухана ғимаратындағы «Флюро 12ф7» аппараты 6-7 айдан бері жұмыс жасамайды. Жылжымалы машина өзінің мақсатына сәйкес Исатай, Зинеден, Нарын сияқты алыс елді мекендерге шықпай, емханада стационарлық аппараттың орнына жұмыс жасап тұр. Нәтижесінде осы елді мекендерде халықты флюорографиялық тексеру өте төмен. 16 қыркүйектен бастап «КамАЗ» автокөлігіне орнатылған жылжымалы «Флюкар-12» аппараты іске қосылып,  участокке шығуды бастады. Қазір жұмысын жалғастыруда.

Манту сынамасын жоспарлау, ол балаларды қамту 9 ай қорытындысымен 94 пайызға орындалды, яғни төмен деңгейде. Жоспарланған 3032 баланың 2850-і қамтылды. Тұщықұдықта - 91,8 пайыз, Аққыстауда - 92,5 пайыз, Нарын ФАП-та 84 пайыз болды. Қауіпті топтың балалары да аудан бойынша 93,5 пайыз қамтылып отырса, бұл Аққыстауда - 90,6 пайыз, Нарында -  83,3 пайыз.

Мұның бәрінен шығар қорытынды, жыл бойғы мәселелер бүгінгі күні шешімін тауып отыр деп айта алмаймыз. 

- Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521