«Қазақ киносы Ұлт руханиятын өркендетуге қызмет етуі тиіс».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
«Қазақстан», «Астана», «Хабар» сынды арналарды қосқанда еститініміз – жасыратыны жоқ, бірыңғай жағымды жаңалықтар ғана: еліміз мынандай елдермен келісім-шартқа отырыпты, әлдеқандай ұйымға мүше болыпты, экономиканың өсуі, саясаттағы сан салалы құбылыстар, шоу бизнес. Есесіне ой-өрісің дамып, сәл болса да пайдалы нәрсе түйесің, әрі сүйікті Отанымыздың жылт еткен әрбір жетістігін жақсылыққа жорып, марқайып қаламыз. Ал, жекеменшік арналарда олай емес. Біреуді біреу атып кетіпті, сатып кетіпті, анасы баласын қоқыс жәшігіне лақтырып жіберіпті, баласы анасын қарттар үйіне тастап кетіпті. Арасынан бір жақсы бірдеңе таппайсың. Сорақысы сол, бұндай жаға ұстататын сенсациялық хабарлар халыққа ұнайды. Садақа мен жиын-тойларда жиылған жұрт елішілік келелі мәселелерді емес, жан шошырлық жаңалықтарды әңгіме ететін болды.
Оның үстіне ата-баламен, ене-келінмен, әке-шеше-бала-шағамен отырып теледидардан кез келген бағдарламалар мен кино-сериалдарды қара бастары ұялмай көре беретін боп алдық. Тоқсаныншы жылдары енді-енді кең әлеммен тең қатынас жасай бастаған шағымызда әйелдер тұтынатын бұйымды немесе қорғаныс құралдарын жарнамалай қалса, балалар теріс қарап, келіндер ернін тістелеп, қарттар кемпірін боқтағансып, пультке жүгіретін. «Ұяттан үш күн бұрын туған бәтшағарлар, ең болмаса бала-шағамен отырғанда көрсетпесе етті» деп күбірлеп бара жатқанын талай көзіміз көрді. Ол қылығын жастар жағы әзілге айналдырып күліп те жүрді, «осы атам да қызық, көк жәшікпен ұрсысады» деп. Қазір көз үйренді ме, көңіл үйренді ме, бара-бара бәріне мойынсұнып «жарнамай ғой, қайтесің» дейтін болған секілдіміз.
Құдайға шүкір, заман дұрысталған сайын әйтеуір панамерикандық жүздеген сериасы бар Санта Барбаралардан құтылдық. Алайда артынша көп жылдар бойы кәріс пен үнді кинолары көк жәшіктен түспегені рас. Енді түрік ағайындарының кинолары санамызды жаңғыртуда. Ауылдағы ағайынның саналарына ол сериалдардың сыналай енгені сонша, қазір көп қазақтың баласының аты құжаттарда Мелих пен Осман, Әли, Сүлейман, Мехмет болып жазылып кетті.
Дегенмен, Шәкен Аймановтар іргетасын қалап берген қазақ киносын қайта жаңғырта алмасақ та, тым тәуір түсірілген отандық кинолар бар. Бірақ сол киносы түспегірлерді кейде кино деп айтауға ауыз бармайтыны рас. Қазақшаға тілі келмей, зорға тіл сындырып немесе жаттап алған сөздерін ежіктеп өз рөлдерін жасанды ойнайтын актерлерді көріп, талай рет зығырданның қайнағаны да жасырын емес. Сонымен бірге бұған арналардан жиі берілетін арзан ыржаң мен елдің алып қашпа жел сөзі негізінде жұлдыздар туралы жеңіл телебағдарламаларды қосып қойыңыз. Қалай дегенмен де аузы жыбырласа жұлдыз болып жүргендердің небір қымбат тұрғын жайлары мен шетелдік автокөліктері туралы қысқаметражды хабарлары қазір трендте.
Ұзын сөздің тобықтай түйіні – жылдар өткен сайын эфирден берілетін дүниелердің сапасы төмен, қозғайтын мәселесі жеңіл-желпі болып кеткені шындық. Кезінде экраннан түспеген, сол арқылы талай қаракөзге тұщымды тәлім мен тәрбие берген киелі айтыс та жоғалып кетті. Қанжардай тіліп түсер өткір әзілі арқылы шындықты айтқан «Тамашалардың» орнына бірлі-жарым әзіл-сықақ театрлары құрылғанымен, жеме-жемге келгенде олардың да баққаны той-томалақ болып кетті. Сонымен, әргі мен бергіні сапырғандағы мақсатымыз – қазақ телефизиясында ұялмай тамашалап, ауыз толытырып айта алатын қабырғалы дүние болса деген мақсат еді. Әсілінде ел боламын десең, бесікті, саналы ұрпақ тәрбиелеймін десең, экранды түзеген дұрыс қой.
Аслан Мұратұлы