Ел болашағының мүсіншісі

 

- «Ұстаздық – ұлы іс» деп әйгілі Әуезов тегін айтпаса керек-ті. Ұстаздар туралы ой қозғау үлкен жауапкершілікке толы болуы керек. Жүрегіңе жылылық, жан дүниеңе ыстық қайрат, көкірегіңе сана сыйлайтын бір ғана құдіретті адам бар, ол –ұстаз. 

Ел болашағының, келер ұрпақтың мүсіншісі – ұстаздар туралы ойға берілсем, ұлы адамдардан қалған мына бір ғажайып тағылым еске орала кетеді. 
Бірде Отырардың көшесінде қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби нөкерлерімен келе жатқанында Фараби алдынан кездескен кішкентай балаға бұрылып барып, арнайы амандасыпты.  

Мұның сырын түсінбей қалған нөкерлерінің бірінің: 
-Ұлы жаратушының жердегі ойшыл өкілі, сіздің ортамыздан бөлініп барып, кішкентай балаға амандасуыңыздың сыры неде?- деген сауалына атақты ғалым: 
-Ол менің ұстазымның немересі ғой,-деп лезде жауап берген деседі ...
Бұл әлқисса әңгіме ұстаздың бағасының асқақтығын айқын білдіреді.

Біз балалықпен жүріп, мектеп партасындағы бізді ұстаздарымыздың өрге сүйреген, төрге жетелеген тынымсыз еңбектерін өз уақытында дұрыс ұқпағанымызды жылдар өте көңілге білім ордасына деген сағыныш ұялаған сәттен шын түсіне бастадық. Менің Тұщықұдық ауылындағы М.Горький (қазіргі Ж.Мырзағалиев) атындағы орта мектептегі сабақ берген ұстаздарымның қай-қайсысы да қайталанбайтын тұлғалар. Олардың әрқайсысының ұстаздық болмысы өзгеше бір құндылықтарға толы еді. Оқытушыларымыздың жан дүниесінің рухани білімдарлығы, айналаға деген көзқарастарының ашықтығы, өмір мен білімді ұйқастыра суреттеуі баршамызды таңғалдыратын. 

Балалық болмысымызға жол сілтеуші, білімге баулушы, құнарлы дүниетанымға көз аштырушы КСРО Білім беру саласы үздігі Збира Ермұқанова мен ұлағатты жан Ержігіт Ибрайымовты Ұстаздар мерекесі күні үнемі  еске алып отырамын. Осы екі ұстазым: «Мұғалімнің баламен жаны бір болуы керек. Оқушының тілін тауып, оның не ойлап тұрғанын, нендей мақсаты барын түсініп, соған мүмкіндік беру қажет. Мұғалім өз ойын ұсынып қана қоймай, баланың қандай тақырыпты таңдағысы келетініне құлақ түріп, тыңдай біліп, ойын жүзеге асыруы үшін алға сүйреп, үйретуі керек» деп жиі қайталайтын-ды.  

Пәктіктен, парасаттан жаратылған, 
Бір асқақ тұлғасың сен дара тұрған. 
Ізгілік атаулының тірліктегі 
Тамыры жүрегіңнен таратылған...

...Алғысын балғын кездің – бала шақтың, 
Өзіңдей бұл өмірде алажақ кім?
Сен ғажап тарихтың тұстасысың, 
Сен ғажап ұстасысың Болашақтың. 
Өзі де бір кездері ұстаз атанып, бізге тәлім берген Нарынның наркескені Нұралы Әжіғалиев ұлы мамандықтың иелерін осылайша жырға қосады. Қай адам да әркез басын иетін ұлағатты ұстаздар қашанда өз тұғырында биік тұра бермек. 

 

Сайпеден СИДАҒАЛИЕВ, 
ҚР Мәдениет саласы үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT