"Бұл ән бұрынғыдан өзгерек" демекші, Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанын бүгінгі күннің ең маңызды саяси оқиғасы дер едім.
Сайлаудың белсенді өтуі халықтың қоғамға саяси белсенділігінің қаншалықты деңгейде екенін бірден-бір көрсететін көрсеткіш десек артық айтпаған болар едік.Өйткені қазіргі сайлаушылар көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар мен азаматшалар. Сондықтан олар ашықтықты, жариялылықты, нақтылықты, біліктілікті талап ететіні айтпаса да түсінікті болар деп ойлаймын. Мен бұған бұдан бұрын депутат болғанымда талай рет көз жеткізген едім. Осы кезеңде жергілікті халықпен бірлесе отырып, көптеген күрмеуі қиын мәселелерді шешуге атсалыстым.
Әрине, "бұл бәрін түгел шешіп тастадым" деген сөз емес.
Әлі де "бір қайнауы ішінде" дегендей, кейбір ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы бағытында ветеринарияға қатысты өзекті деген мәселелердің "мен мұндалап" тұрғаны мені осы саланың ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маманы ретінде көбірек ойландырады. Сол себептермен мен тағы да екінші рет өзімді аудандық мәслихаттың депутаттығына түсіп көруді жөн көрдім. Енді менің алдымдағы негізгі мақсат -халық сенімінен шығу. Бірлесе қимылдасақ, бұл қиындықтан да шығатынымыз анық.
Аманжол Рахметов,
аудандық ветеринариялық стансасы шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны басшысы.