Ел сенімін арқалаған депутат – ауыл болашағын айқындайтын таңдауда

 

Қамысқала ауылдық округінде өтіп жатқан әкім сайлауы – ауыл өміріндегі тарихи әрі тағдырлы сәттердің бірі. Мұндай маңызды демократиялық үдерістен ауыл азаматтары белсенді түрде қалыс қалып жатқан жоқ. Солардың қатарында — аудандық мәслихат депутаты, қоғам белсендісі Жәнібек Ещанов та бар.

Халықтың сенімін арқалаған депутат таңертеңгі уақытта №128 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ол бұл сайлаудың ел дамуындағы саяси және әлеуметтік маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Бүгінгі сайлау – ауылдың ертеңін айқындайтын маңызды кезең. Халық алғаш рет өз әкімін тікелей таңдау арқылы ауыл тағдырына әсер ету мүмкіндігіне ие болды. Бұл – нағыз демократиялық қадам. Әрбір дауыс – сенім мен жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан сайлауға қатысу – мен үшін үлкен абырой әрі азаматтық парыз, – деді мәслихат депутаты.

Жәнібек Ещановтың пікірінше, жаңа сайланған әкім ең алдымен ауыл халқының сенімін ақтауға, әлеуметтік және экономикалық даму бағытында нақты істер атқаруға міндетті. Халық қалаулысы ауылдың әлеуетін арттыруда ынтымақ пен іскерліктің шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

– Қамысқала – еңбекқор жұрты бар ауыл. Мұнда әр отбасының, әр азаматтың тілегі – елдің өсіп-өркендеуі. Сол үшін жаңа әкім халықпен тығыз байланыста болып, ауылдың мәселесін бірлесе шешсе, нәтижесі де соған сай болмақ, – деді ол.

Азаматтық ұстанымы айқын, ел ісіне бейжай қарамайтын депутаттың бұл белсенді қадамы ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға өнеге. Себебі, ел тағдырына бейжай қарамау — нағыз азаматтық жауапкершіліктің айғағы.

Сайлау комиссиясының мәліметінше, Қамысқала ауылдық округіндегі сайлау заң талаптарына сай, жоғары деңгейде өтіп жатыр. Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың едәуір бөлігі өз таңдауларын жасап үлгерген.
Сайлау кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.


Е.УАЛИТХАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT