Ел сөзіне еңбегі сіңген қаламгерге құрмет көрсетілді

 

Аудан әкімі Нұрым Мусиннің арнайы қабылдауынан бастау алған бұл күн аудан журналистикасы үшін айрықша мәні бар, тағылымды сәттердің біріне айналды. Зейнет жасқа шығуына орай құрмет төріне озған тәжірибелі қаламгер Жоламан Отарғалиұлына арналған кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, Қоғамдық кеңес төрағасы Самат Есенов және сала ардагерлері мен редакция ұжымы қатысты.

 

 

Қабылдау барысында аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы қырық жылдан астам уақытын ел сөзіне, аудан тынысын жеткізуге арнаған журналистің еңбегін ерекше атап өтіп, ақжарма тілегін білдірді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты еңбегі ескеріліп, Аудан мәслихатының 2025 жылғы 22 желтоқсандағы №215–VIII шешімімен Исатай ауданының Құрмет грамотасы табысталып, көп жылғы адал еңбекке деген ел ықыласы айқын көрініс тапты.

 

 

Осылайша құрмет пен тағзымға толы басқосу бір адамның ғұмыр жолын ғана емес, аудан журналистикасының тұтас бір кезеңін айшықтаған мазмұнды шараға ұласты.

 

 

Жиында мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов құттықтау сөз сөйлеп, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Хамиұлы Идресов атынан Алғыс хат табыс етті.

 

 

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де жылы лебізін білдіріп, Құттықтау хат пен естелік сыйлық ұсынды.

 

 

Ал редакцияда ұзақ жылдар фото тілші болған, аудандық журналистер одағы филиалының төрағасы Әбілмажан Шарапиденов облыстық журналистер одағы филиалының төрағасы Алма Қалусариева атынан Алғыс хат табыстады.

 

 

Жоламан Отарғалиұлы еңбек жолын 1980 жылы аудандық «Нарын таңы» газетінде корректорлық қызметтен бастаған. Бұл – болашақ журналистің кәсіби тағдырына айналған қасиетті табалдырық еді. 1991 жылдан бері аудандық басылымда бір сәт қол үзбей, табандылықпен қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда газеттің бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы ретінде өңір журналистикасының дамуына, ақпараттық саясаттың сапалы жүзеге асуына және жас журналистердің қалыптасуына зор үлес қосып отырған тәжірибелі қаламгер.

 

 

Ол үшін журналистика – жай ғана мамандық емес, өмірлік ұстаным. Әр мақаласында уақыт тынысын, ауыл тағдырын, адам болмысын дәл әрі дөп басып суреттей білді. Сөзге жауапкершілікпен қарау, дерекке адалдық, оқырманға құрмет – оның кәсіби кредосына айналған.

 

 

Қоғамдық-саяси белсенділігі, өңірдің ақпарат кеңістігін дамытуға қосқан үлесі, партия бастамаларын халыққа жүйелі әрі түсінікті жеткізудегі адалдығы арқылы танылған Жоламан Отарғалиұлы – әріптестері мен оқырмандарының зор құрметіне ие. Қатысушылар оның аудан журналистикасына сіңірген еңбегін жоғары бағалап, игі тілектерін арнады.

 

 

Қаламы қолынан түспеген, сөзі салмақты, ұстанымы берік журналистің ғұмыр жолы – кейінгі буын үшін өнеге. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің, бір редакцияның тарихы.

 

 

Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT